ЭЦҚ кілттерін флеш-картада беруге тыйым салынады: депутаттар арнайы заң жобасын дайындап жатыр
Алдағы уақытта ЭЦҚ кілттері флеш-картада берілмейді. Бұл жайлы «Курсивке» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов айтты.
Министрлік өкілінің айтуынша, парламент депутаттары миллиондаған қазақстандықтар пайдаланатын электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) флеш-картада беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп жатыр.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілі мұндай шаралар қауіпсіздік мақсатында қабылданып жатқанын айтады. Өйткені флеш-картаны азаматтар кез-келген уақытта жоғалтып алуы мүмкін. Солайша олардың электронды қолтаңбасы басқа адамның қолына түссе, оның жеке деректеріне қауіп төнуі мүмкін.
«Ұлттық сертификаттау орталығы әдетте кілтті флеш-картамен екі файл түрінде береді. Бұл – өте қауіпті. Сол себепті біз осы екі файлды тасымалдағышпен алу тәсіліне тыйым салғымыз келіп отыр», – дейді Әбдіхалықов.
Алдағы уақытта азаматтар ЭЦҚ кілтін токен арқылы беру тетігі қарастырылып жатыр. Ол үшін арнайы токен сатып алу керек болады. Сонымен бірге бұлтты цифрлық қолтаңбаны пайдалануға болады. Екі тәсілмен ЭЦҚ беру кезінде де азамат көп факторлы және биомертриялық тексеруден өтеді.
«Біз ұрлануы мүмкін файлдарды беруден гөрі осындай қауіпсіз әдіспен ЭЦҚ кілттерін ұсынғымыз келеді. Өйткені мұндай құжаттарды тіпті кейбір алаяқтар да қолды қылуы мүмкін», – деді министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, ақпанда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биометриялық сәйкестендіру бойынша электрондық цифрлық қолтаңба және бұлтты электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алу алгоритмін әзірледі. Электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алудың балама шешімін ұсынатын бұл жоба әзірге пилоттық режимде жүргізілетіні айтылған болатын. Ұлттық куәландырушы орталығының ресми сайты арқылы қашықтықтан сәйкестендіру бойынша ЭЦҚ алуға арналған пилоттық жоба 2024 жылғы 4 наурыздан 2025 жылғы 4 наурызға дейін жүзеге асырылады.
Биометриялық сәйкестендіру тәсілімен электронды қолтаңба алу үшін дербес компьютердің камерасы болуы шарт. Пайдаланушы компьютер камерасына кіруге өз рұқсатын беріп, нақты бір іс-қимылдар орындау ұсынылады. Тұтынушыға сәйкестендіру өткізу үшін 10 әрекет беріледі. Егер сәйкестендіру барысы сәтсіз өткен жағдайда портал 10 минутқа бұғатталады. Кейін әрекеттерді екінші рет қайталап енгізуге болады.
2023 жылдың маусымында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арай Оразова алдағы уақытта ЭЦҚ-ны флешкада сақтаудың қажеті болмайтынын айтқан. Сонымен қатар ол дербес компьютерге NCALayer бағдарламасын орнатудың да машақатынан құтылуға болатынын жеткізген еді.
Ал «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин жақын арада қазақстандықтарға компьютерлеріне NCALayer бағдарламасын орнатудың қажеті болмайтынын айтқан. Басқарма басшысы бұл бағдарламаны MAC компьютерлерінде қолдану біраз қиындықтар тудырғанын, сол себепті осы мәселені жеңілдету жолдары қарастырылғанын хабарлаған.
«Курсив » ЭЦҚ-ны қалай алып не үшін қолданлытаны жайлы толық ақпарат шығарған болатын. ЭЦҚ алу тәртібімен осы сілтеме арқылы таныса аласыз.