ҚМА жалпы айналымы 3 млрд теңгені құраған есірткі сататын үш ірі алаңды анықтады

Жарияланды
Биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықталды / Көрнекі фото: Pixabay.com

Қаржы мониторингі агенттігі елімізде мессенджерлер арқылы есірткі сатумен айналысқан 300 арна мен 4 ірі Darknet маркетплейстің заңсыз жұмысын анықтады.

ҚМА есірткі құралдары мен прекурсорлардың таралуы тұрғысынан Telegram мессенджерінің арналары, әлеуметтік желілер мен хабарландыру сервистері қамтылған жаһандық желіге мониторинг жүргізуде.

«Ел аумағында Telegram арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалаумен және сатумен айналысқан 80 пайдаланушының жеке басы анықталды. Интернет-кеңістіктің қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары болып табылатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды»,-делінген ҚМА таратқан хабарламада.

Талдау көрсеткендей, тұтынушылардың 50 пайыздан астамы Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі екені белгілі болды.

Агенттік былтыр айналымы 25,6 млрд теңгені құрайтын 36 есірткі дүкенін, биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықтады. Қаржылық барлау бөлімшесінің алдын ала талдау қорытындысы бойынша аталған дүкендердегі ақша қаражатының жалпы айналымы 3 млрд теңге болған. Айналымы 82 млн теңгені құрайтын есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданды.

«Құрметті азаматтар! Есірткіні қолдану адам денсаулығына жағымсыз әсер ететінін тағы да еске саламыз. Есірткі арқылы жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төнуі мумкін. Ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның денсаулық жағдайына, айналасына назар аударуды, интернет кеңістігінде көрген контентті, сатып алуларын, сондай-ақ оның карточкалық шоттарына қаражат түсу көздерін бақылауды сұраймыз», – деп ескертті агенттік өкілдері.

Еске салайық, Telegram-платформасында есірткі сататын 24 интернет-дүкен мен 12 бот жойылғаны туралы хабарлаған едік. Бұл туралы депутаттар сауалына жауап беру кезінде үкімет басшысы Олжас Бектенов жазған.

«Биыл «Telegram» онлайн-платформасында есірткі сататын 24 интернет- дүкен және жалпы аудиториясы 50 мыңнан асатын 12 жарнамалық бот жойылды», – делінген Бектеновтің жауабында

Бір жылда қанша есірткі тәркіленді?

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған. 

Сондай-ақ оқыңыз