Жаңалықтар

Солтүстік Кореядан әскери техника жеткізілген: ЕуроОдақ Ресейге қарсы санкциялар пакетіне жаңа шаралар енгізбек

ЕуроОдақ
Фото: shutterstock.com

ЕуроОдақ мұнай бағасының шекті деңгейін бұзғаны және Солтүсік Кореядан техника тасымалдағаны үшін Ресейге қарсы сакциялар пакетіне жаңа шаралар енгізбек. Бұл туралы Reuters агенттігі Еуропалық Одақтағы дереккөзге сілтеме жасай отырып жазады.

Еурокомиссия Мәскеуге қарсы санкциялардың 14-пакетінің бір бөлігі ретінде Солтүстік Кореяның әскери техникасын Ресейге тасымалдайтын кемелерге, сондай-ақ G7 елдерінен келетін мұнай бағасының шекті деңгейін бұзған танкерлерге қарсы шара енгізуді ұсынады.

Сонымен қатар ЕуроОдақ санкциялық тізіміне 40 компания кіруі мүмкін. Олар қарулы күштерге құрал-жабдық сатып алатын ресейлік компаниялар, сондай-ақ, Ресейге еуропалық және америкалық электроника, жартылай өткізгіштер мен чип жеткізетін үшінші елдердің компаниялары. Шетелдік компаниялар Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Түркия мен Қытайда орналасқан.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Еурокомиссия одаққа мүше елдермен ұсыныстарды бейресми түрде талқылап жатыр. Содан кейін олар ЕО кеңесіне ұсынылады. Швеция Сыртқы істер министрлігі бұған дейін жаңа пакетте ресейлік сұйытылған табиғи газды жеткізуге тыйым салуды қамтуы керек деп хабарлаған.

Америка Құрама Штаттары мен Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяны Ресейге әскери көмек жіберді деп бірнеше рет айыптады. АҚШ-тың Ақ үйі Мәскеудің Пхеньяннан баллистикалық зымырандар алғанын айтты. Ал Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігі наурыз айында Солтүстік Корея 2023 жылдан бері Ресейге оқ-дәрі мен әскери техникасы бар 7 мың контейнер жібергенін хабарлады. Мәскеу мен Пхеньян мұны жоққа шығарады. Ресей Сыртқы істер министрлігі өздерінің «заңсыз әскери-техникалық ынтымақтастық» жүргізіп жатқанына ешқандай дәлел жоқ деп мәлімдеді. 2023 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның Ресейге сапарынан кейін, Кремль тараптардың бұл салада келісімге қол қоймағанын және мұндай жоспарлары жоқ екенін мәлімдеді.

Еуропалық одақ Ресейге қарсы 14-ші санкциялар пакетін әзірлеуге кіріскен. Ол көктемнің соңына дейін қабылдануы керек.

Еурокомиссияның вице-президенті Валдис Домбровскистің айтуынша, жаңа санкциялар пакетінде санкцияларды айналып өту жолдарын кесу және «шектеу шараларының кең тізімі» болады.