Жаңалықтар

Британдық компания Қазақстанда электромобильдерді зарядтауға арналған 250 станция салады

Британдық компания Қазақстанда электромобильдерді зарядтауға арналған 250 станция салады / shutterstock / Бильд-редактор: Денис Адреев

Британдық Сar Рark Transformer компаниясы Қазақстанда республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың бойында 250 қызмет көрсету станциясын салады. Олар санитарлық аймақтарымен, сауда орындарымен, сондай-ақ, электромобильдерді зарядтау пункттерімен жабдықталады.

Kazakh Invest ақпаратына сүйенсек, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға сапары аясында британдық компания мен Қазақстан Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті арасында тиісті меморандумға қол қойылған. 

Car Park Тransformer веб-сайтында компания автомобильдерге арналған күн жайлары мен электр машиналарын зарядтау нарығында көшбасшы екені жазылған. Ол автотұрақтарды таза энергиямен жұмыс істейтін электр станцияларына айналдырады және олардың аумағында көп функционалды сауда орталықтарын ашады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі электр көліктерді қуаттандыруға арналған станциялардың жаңа міндетті стандарттарын қабылдаған.

«Қала құрылысы, қала және ауылдық елдімекендерді жоспарлау және дамыту» Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары (…)» : мынадай мазмұндағы 11.1.5-тармақпен толықтырылсын: «11.1.5 Елдімекендердің аумағында электрмен жүретін көліктерді зарядтау қызметінің инфрақұрылымын қамтамасыз ету керек. Зарядтау станциялары газ және газ құю станцияларында (АЖС мен АГЖС), техникалық қызмет көрсету станцияларында, автотұрақтарда, жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінде, тұрғын, қоғамдық, кәсіпкерлік және өндірістік аумақтарда орналасуы мүмкін», – делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің бұйрығында.

2023 жылы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының өкілі Әділбек Орымбаев Қазақстанда электр көліктерді дамыту үшін электромобильдерге арналған 8 мың зарядтау станциясын салу қажет екенін айтты.

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» салалық министрлікпен бірлесіп 2024 жылы Қазақстанда электр көлігін дамыту тұжырымдамасын бекітетіні айтылған.