Жаңалықтар

Биыл Қазақстанда 80-нен астам жаңа іздеу және барлау ұңғымалары бұрғыланады

Былтырдан бері мұнай барлау мен өндіруге 9 млрд доллар инвестиция тартылды / Архив: kursiv.media

Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектердің жаңа кен орындарын іздеу мақсатында 2024 жылы 80-нен астам іздестіру және барлау ұңғымаларын бұрғылауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов айтты.

Олардың алғашқыларының бірі – Қызылорда облысындағы Торғай-палеозой учаскесінде тереңдігі 5500 метрлік ұңғыма. Жуырда онда бұрғылау жұмыстары басталады.

Айта кетейік, аталған облыстағы кен орындарында мұнай өндіру көлемі жыл сайын азайып келеді. 

Сондай-ақ, алғашқылардың бірі болып Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Абай теңіз құрылымында іздеу ұңғымасы бұрғыланады.

Бұдан бөлек Қаратон Тұзасты учаскесінде («Кaraton Operating» ЖШС, тереңдігі 5500 м), Адай блогында («Ocean Petroleum» ЖШС, тереңдігі 6900 м), Мақсат құрылымында («Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС, тереңдігі 6200 м), Сайөтес учаскесінде (SINOPEC филиалы, тереңдігі 5250м) және А блогында  («5А Ойл» ЖШС, тереңдігі 6900 м) терең ұңғымаларды бұрғылауды бастау бойынша мәселелер пысықталып жатыр.

Еске сала кетсек, ҚазМҰнайГаз» АҚ басқармасы төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның жер қойнауы 24 пайызға ғана зерттелгенін айтқан. Сондықтан да ел аумағынан жаңа мұнай кеніштері табылуы мүмкін. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай қорларына геологиялық барлау жүргізуді жоспарлап отыр.

2023 жылдан бері мұнай барлау мен өндіруге 9 млрд доллар инвестиция тартылған.