Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын шығаратын 5 жаңа кәсіпорын ашылды - Энергетика министрлігі

Опубликовано
Қазақстан мұнай-газ жабдықтарын шығара бастайды / Фото: kursiv.media

Қазақстанда әлемдік өндірушілермен бірге мұнай-газ жабдықтарын шығаратын 5 жаңа кәсіпорын ашылған. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Германияның WIKA компаниясымен – манометрлер, мембраналық бөлгіштер, термопаралар шығарылады. АҚШ-тың Honeywell компаниясымен бірлесіп газ детекторлары, жарылыстан қорғалған басқару жүйесінің шкафтарын шығару жоспарланған. Ал Италияның PetrolValves компаниясымен клапандар, Американың Sigma Solutions компаниясымен бірлесіп, жарылыстан қорғалған қосқыш қораптар мен Emerson компаниясымен қысым датчиктері шығарылмақ. Солайша елде түпнұсқа тауарлардың әлемдік өндірушілерінің қатысуымен 5 жаңа өндіріс жұмыс істей бастаған.

Еске сала кетсек, 24 сәуір күні Жаңаөзенде құны 17 млрд теңге болатын мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт салынатыны жайлы айтылды. Жоспарға сәйкес, кәсіпорын келесі жылы пайдалануға беріледі. 

«ҚазМұнайГаз» ақпаратына сүйенсек, зауыт жылына 51 мың тонна құбыр өнімін, 540 мың сорғы штангасын және 100 мұнай жылытқышын өндіретін болады. Жаңаөзен тұрғындары үшін 250 жаңа жұмыс орны құрылады. Олар арнайы дайындықтан өткеннен кейін кезең-кезеңімен үш жыл бойы жұмысқа алынады.

Зауытты Қазақстандағы KazPetroDrilling ірі бұрғылау компаниясы салатыны хабарланды. Ол 1965 жылдан бастап ұңғымаларды бұрғылау, жөндеу және жою қызметтерін ұсынады. Оған мұнай-газ секторына арналған жабдықтар шығаратын Ақтау «Каскор-Машзавод» мекемесі тиесілі. 

Сонымен бірге 19 сәуір күні «ҚазМұнайГаз» SINOPEC және СИБУР компанияларымен бірлесіп, құны 7,7 млрд долларды құрайтын газ-химия кешенін салатыны хабарланды.

Зауыттың қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны құрайды. Бұл кешен полиэтилен өндіру бойынша әлемдік қуаттың 1%-ын өндіретін болады. Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз үлесі» – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30% құрайды.

Читайте также