Сенат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты мақұлдады

Жарияланды
Қазақстан-Өзбекстан

Сенат Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты мақұлдады.

Шарт саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, азаматтық қорғаныс және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған, сондай-ақ халықаралық аренада өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.

Сонымен бірге шарт ережелеріне сәйкес екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

«Тараптар сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында, халықаралық терроризмді, діни экстремизм мен сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қару-жарақтың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздікке төнген жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерінде өзара тығыз іс-қимыл жасайды»,- деді сенатор Андрей Лукин.

Сондай-ақ шарт аясында мемлекет басшылары жетекшілік ететін Жоғары Мемлекетаралық кеңес құрылады. Оның қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.

Қазақстанның сыртқы саяси мүдделері тұрғысынан шарттың күшіне енуі:

  • екі бауырлас ел арасында одақтастық қатынастар орнатуға;
  • екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытуға;
  • экономикалық, су-энергетикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік (азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету), ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге;
  • қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлеріне қарсы іс-қимылды одан әрі дамытуға және тереңдетуге ықпал етпек;

Заңды талқылау барысында депутаттар бұл шарт аясында Қазақстан мен Өзбекстанда қазақ-өзбек мектептері ашыла ма деп сұрады. СІМ өкілі екі елде де мұндай мектеп ашу көзделмейтінін жектізді.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес қазіргі кезде Өзбекстан республикасында өзбек-қазақ аралас 180-нен астам мектеп бар. Әзірге Өзбекстанда қосымша мектептер ашу туралы өтініш түскен жоқ»,- деді СІМ өкілі.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова Қазақстанда өзбек тілінде сабақ беретін 141 мектеп бар екенін айтты.

Өз кезегінде Сенат төрағасы бұл шарттың екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артуына себеп болатынын атап өтті.

«Өзбекстан Қазақстанның сеніміді одақтасы әрі маңызды серіктесі. Біздің халықтарымызды тарихи бауырластық, ортақ рухани және мәдени құндылықтар байланыстырады. Қазіргі таңда стратегиялық ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Жалпы заң екі ел арасындағы достық және бауырластық қарым-қатынастарды сапалы деңгейге шығаруға ықпал етеді деп сенеміз»,- деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, 6 сәуірде мемлекет басшысы «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Оған сәйкес Өзбекстан азаматтары уақытша есепке тұрмай, Қазақстанда 30 күн жүре алады.

Сонымен бірге 19 сәуір күні Қазақстан мен Қырғызстан осыған ұқсас, Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қойды.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз