Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынын айтты.
«Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен бірге жер жүзінде көпшілікті алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатқанын, біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде ел ретінде мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуы керегін атап өтті. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.
Президент бұл орайда биліктің ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатынын айтты.
«Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды»,– деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, Ұлттық құрылтайда президент қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын айтқан болатын. Ол елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын, бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық екенін атап өткен. Мемлекет басшысы сонымен бірге қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін, соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін мәлімдеді.
«Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.
Айта кетсек, ассамблея жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынының зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатынын, соған орай мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілетінін айтты. Сонымен бірге президент мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат бергенін, елде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатқанын атап өтті.