Түрік инвесторлары Шымкентте құны 700 млн доллар болатын аралас циклды газ зауытын салады

Жарияланды
Түрік инвесторлары бу-газ қондырғысын салуды жоспарлауда / Фото: kursiv.media

Түркияның «Aksa Energy» компаниясы Шымкент қаласы аумағында құны 700 млн доллар болатын аралас циклды газ зауытын салатын болды.

Шымкент билігі мен «Aksa Energy» компаниясының өкілдері кездесіп, қуаттылығы 500 МВт-қа дейін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Қондырғы құрылысы биыл басталады.

Жаңа жоба қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, қала бюджетіне кіріс әкеледі деп күтілуде.

«Құны 700 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн. Құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады»,- делінген Шымкент қаласы әкімдігінің хабарламасында.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Түркияның Alarko Holding компаниясы Шымкент қаласы аумағында құны 650 млн доллар болатын жылыжай кешенін салатынын хабарлаған едік. Тараптар Астанада өткен VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел аясында келісімге қол қойған болатын.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, түрік бизнес өкілдері қаладағы екі ірі жобаға жалпы сомасы 662 млн доллар көлемінде қаржы жұмсауды жоспарлаған. Оның 650 млн доллары қала аумағында жылыжай кешенін салуға жоспарланған. Аумағы 500 га болатын жобаға Түркияның Alarko Holding компаниясы қызығушылық танытқан. Бұл жоба 5 мың жаңа жұмыс орнын құрады деген жоспар бар.

Ал қалған 12 млн доллар қаражат Шымкентте «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауыт салуға кетеді. Жобаны түріктің IŞIKLAR PACKAGING Ltd. Компаниясы өз мойнына алып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз