Қор нарығына шолу: нарықтардағы пессимизм, Tesla бойынша болжам, Hertz құлдырауы

Жарияланды
Қор нарығына шолу / Shutterstock

Инфляцияның жеделдеуінен ЖІӨ-нің өсу қарқыны қысқарғаны туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін, америкалық индекстер төмендеді. 26 сәуірдегі қор нарығына шолу барысында сарапшылар нарықтардағы пессимизм, Tesla бойынша болжам, Hertz құлдырауына тоқталып өтті.

АҚШ экономикасы енді не болады?

Жақында статмәліметтер жарияланды. Оған сәйкес, АҚШ экономикасы 2024 жылдың I тоқсанында 1,6%-ға дейін төмендеді, ал сарапшылар өсім 2,4% болады деп болжаған болатын. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 2023 жылдың IV тоқсанында бұл көрсеткіш 3,4% болған. Мәселе инфляцияның екі есе жылдам өскеніне байланысты болып тұр. Енді ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендетуді кейінге қалдырмақ түгілі 2024 жылы одан мүлде бас тартуы мүмкін.

Осы жаңалықтың әсерінен 25 сәуір күні америкалық биржалар болжанғаннан төмен шамада жабылды. Dow 0,98% жоғалтса, Nasdaq 0,64%, S&P 500 болса 0,46%-ға төмендеген. АҚШ қаржы министрі Джаннет Йеллен нарықты сабырға шақыруға тырысып, инфляция қалыпты мәнге дейін ғана төмендейтінін айтып бақты. 2024 жылғы бірінші тоқсандағы экономикалық өсім өсу тарапына қайта қаралуы мүмкін деп жазады Reuters.

«Тұтынушылық шығын мен инвестициялық шығынның өсуі былтырғы жылғы өсу қарқынына тең. Ал бұл АҚШ экономикасының негізгі күші, яғни ол барынша жұмыс істеп тұр», – деді Йеллен.

JPMorgan басшысы Джеймс Даймон The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында АҚШ экономикасының мүмкіндігі тек  50% ғана екенін мойындау керек екенін мәлім етті.

JPMorgan қазіргі жағдайды экономикада тоқырау болған 70-ші жылдармен салыстырды. Даймон жағымсыз факторлар ретінде АҚШ-тың бюджет тапшылығы үлкен екенін, батыс елдерінің жасыл энергетика саласындағы бастамалары, геосаяси шиеленіс пен әскери қақтығыстарға байланысты әскерді қайта қаруландыруды атады. Осының барлығы инфляцияның жаңа толқынын туғызуы мүмкін.

Оның болжамынша, әлемдік экономикадағы қиындықтар жоқ дегенде 2026 жылға дейін сақталады.

Tesla акциялары қарқынды өсетін болады

Инвестор-миллиардер Рон Барон Tesla акциялары өзінің шыңырауына жетіп, енді қарқынды өсетін болады деп есептейді. Бұл туралы ол CNBC-ке берген сұхбатында айтқан. Оның ойынша, алдағы 10-15 жылда барлық көлік электрлік көліктерге айналады, ал Tesla-ның экономикалық тиімділігі бәсекелестерімен салыстырғанда біршама жоғары.

Tesla акцияларының биылғы жылы 34%-ға төмендеуіне 1 тоқсанда жеткізудің төмендегені, сондай-ақ компания басшылығындағы дау-дамай себеп болған. Рон Баронның айтуынша, инвестолардың көңіл-күйіне электр көліктерін шығару нәтижесі ғана емес, сондай-ақ  Илон Масктың  уәде еткен жобаларды іске асыруға деген ниеті де әсер еткен.

Жақында компанияның табысы жайлы шыққан есептен компания алдағы уақытта қолжетімді модельдерді шығаруды өсіретінін, 2024 жылы роботаксиді ұсынатынын түсінуге болады. Tesla-ның қазіргі уақыттағы жалғыз бәсекелесі қытайлық BYD. Алайда оның табысы аз.

АҚШ-тағы ең ірі электр көлігін жалға беретін компания шығынға батып отыр

АҚШ-тағы үш ірі автокөлік жалдау компаниясының бірі Hertz айтарлықтай шығынға ұшырады, деп хабарлайды  Market Watch. Оның нарықтағы үлесі 36%-ды құрайды. Сонымен қатар компания электромобильдер паркін сатуды көздеп отыр.

2024 жылдың I тоқсанының соңында компания 186 млн доллар немесе бір акцияға 61 цент таза шығынға ұшырады. Акцияға шаққандағы түзетілген шығын 1,28 доллар болды, FactSet  шығын 45 цент деп болжап отыр. Бұл ретте кіріс 1,6%-ға өсіп, 2,08 млрд долларға жетті, бұл 2,04 млрд доллар консенсус-болжамнан жоғары.

Hertz акциялары кеше 19%-ға төмендеді. Естеріңізге сала кетейік, компания банкроттықтан шығып, 2021 жылдың шілдесінде IPO өткізген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз