Қазатомөнеркәсіптің шетелдік серіктестері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 1,3 млрд теңге бөлді

Жарияланды
Шығарушы редактор
серіктестері
«Қазатомөнеркәсіптің» шетелдік серіктестері көмек жіберді. Коллаж: kursiv.media/ бильд-редактор: Зиперов Ахтам

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының шетелдік серіктестері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1,3 млрд теңге көмек береді. Қаражатты Росатом корпорациясы, CGN, Cameco, Orano, Marubeni, Kansai және Sumitomo компаниялары бөлген. Сонымен қатар KATCO компаниясы қосымша 100 млн теңге бағыттайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қаражат жедел және мақсатты көмек үшін Samruk-Kazyna Trust қорына аударылады.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» зардап шеккен өңірлерге көмекке 3 млрд теңге жіберген. Атырау және Ақтөбе облыстары мен Орал қаласына атом холдингінің 93 қызметкері өз еркімен су тасқынының зардабын жою жұмыстарына аттанған.

Сондай-ақ су тасқыны жағдайы компанияның уран өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі қызметіне әсер етпеген. «Қазатомөнеркәсіптің» барлық кәсіпорыны өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр.

Наурыз айынан бері Қазақстанның 10 облысын су басып жатыр. Су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болып, үй-жайынан айырылғандардың саны 100 мыңнан асты. Қазіргі кезде 24,4 мың адам өз үйлеріне оралса, 8,8 мыңы эвакуациялық пунктерде.

Өңірлерді су басуына орай халықтан кешірім сұраған Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялаған. Сонымен қатар Қазақстан халқына үндеуінде «Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат» деді.

Су тасқыны салдарын жоюға Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. «Курсив» 2024 жылғы 18 сәуірдегі деректер негізінде арнайы инфографика жасаған.

Мәжіліс депутаттары зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.  

Сондай-ақ оқыңыз