«Семей Орманы» табиғи резерваты аумағында тағы да орман өрті шықты

Жарияланды
«Семей Орманы» табиғи резерваты аумағында тағы да орман өрті шықты / коллаж kursiv.media (ҚР ТЖМ, бильд-редактор: Артур Алескеров)

Абай облысы Бородулиха ауданындағы «Семей Орманы» табиғи резерваты филиалының аумағында тағы да орман өрті шықты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, орман өрті шыққан аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан. 

Өртті сөндіруге Абай облысы ТЖД және орман шаруашылығы күштері жұмылдырылған. Әзірге өрттің нақты ауданы белгілі болмаған. Алдын ала болжам бойынша 0,22 га алаңда өрт оқшауланды.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шықты. 9 маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылып, Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланған.

9 маусым күні Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин 8 маусым күнгі сағат 12-лер шамасында алғашқы тұтанған аймақ 3 гектар болғанын, кейін, 100 гектарға дейін күрт өскенін, жағдай дер кезінде дұрыс бағаланбағанын мәлім етті. Соның салдарынан жұмылдырылған техника саны тым аз болған, сондықтан республиканың көптеген аймағынан техника жіберу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегеріліп, Президент 10 маусым Абай облысына барды. Тоқаев ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.

Абай облысына барған Тоқаев Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төленетінін мәлімдеді.

Алапат өртті сөндіруге кеткен 14 орманшы қаза тапты.

11 маусымда Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Абай ауданындағы өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, адам өліміне және қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққанын ескере отырып, арнайы прокурор немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз