Автокөлікті заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері мен полиция қызметкерлері 2 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

Жарияланды
Автокөлікті заңсыз рәсімдегендер бас бостандығынан айырылды / коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин и shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров)

Астана қаласында автокөлікті заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шығып, олар 2 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топ мүшелері қатарында жекелеген азаматтардан бөлек полиция қызметкерлері де болған.

25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасаған, сондай-ақ, алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiрген, ақпаратты құқыққа сыйымсыз түрлендіргенлауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған, жалған құжаттарды қолдан жасаған, дайындаған жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді қарады.

«Сотталушылар тиісті алымдар мен төлемдерді өтемей, мемлекетке залал келтіру, сонымен қатар ХҚКО мен ҚР ІІМ интеграцияланған ақпараттық жүйесін көлік құралдарының мәліметтері және автокөліктерді сатып алу-сату бойынша жүргізілген мәмілелер туралы көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы шетелден әкелінген автокөлік құралдарын жаппай тіркеуді ұйымдастырды деп айыпталған», – деп хабарлайды Астана соты. 

Қылмыстық топ мүшелері 2021 жылдың желтоқсанынан бастап 2022 жылдың мамырына дейін 312 көлікті заңсыз тіркеген. 

Сот үкіміне сәйкес, қылмыстық топтың 3 басшысы 9 жылға, қылмыстық топтың 5 қатысушысы 6 жылға, 16 делдал азамат 2 жарым жылға, біреуі жарты жылға, 4 полиция қызметкері 3 жыл 6 айға, 3 полиция қызметкері 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 30 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ алқа мәжілісінде Қазақстан жолдарында тіркеусіз жүрген көліктерді заңдастыруда қылмыстық схемалар орын алып жатқанын айтты. Президент құқық қорғау органдарына осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуды тапсырды.

Жалпы Қазақстанда 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу науқаны басталған. Ол 1 шілдеге дейін жүргізілді. Содан кейін шетелден келген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтаған болатын. 

Ал ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді уақытша тіркеу 17 шілдеден басталды. Ол кезде ЕАЭО елдерінен келген, елімізде тіркеуге қойылмаған көліктерге бір айға дейін мүмкіндік берілген болатын. Жалпы, басқа елдерде бұрын тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған автомобильдерді 5 жыл мерзімге уақытша есепке қоюға мүмкіндік берілді. Уақытша есепке қою кезінде ҚР-дың көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері берілді. Сондай-ақ 15 мың теңгеге жуық мөлшерде алым төледі.

Егер Қазақстан азаматтары осы автокөліктерді елімізде бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оны бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады. Оған утилизациялық алым төленбейді.

Сондай-ақ оқыңыз