KAZ Minerals-қа тиесілі компания су электр станцияларының құрылысына Қазақстан Даму Банкінен несие алуға мүдделі

Жарияланды
Су электр станциялары Талдықорған қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан /Коллаж kursiv.media (kdb.kz и shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

«ЭнергоБилдСервис» компаниясы Жетісу облысындағы Көксу өзеніндегі «Рудничная» ГЭС-1 және ГЭС-2 құрылысына несие алу үшін Қазақстан Даму Банкіне өтініш берді. Компанияның негізгі бенефицары – KAZ Minerals Holding B.V. және Қайрат Оразбеков пен Ален Байғазин.

«Рудничная» ГЭС-1-нің қуаты 19 МВт, ГЭС-2 – 23 МВт. Өтініш банк сараптамасына өтіп жатыр. 

«ЭнергоБилдСервис» компаниясының мәліметі бойынша, «Рудничная» су электр станциясы –  Көксу өзенінің орта бөлігін гидроэнергетикалық мақсатта пайдаланатын екі су электр орталығының бөлігі. СЭС Қазақстанның оңтүстігіндегі электр желісіне электр энергиясын жеткізеді. Оның жалпы қуаттылығы –  42 МВт. Жылына 185,1 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Екі су электр станциясы да Кербұлақ ауданында Талдықорған қаласынан 80 шақырым қашықтықта Рудничный ауылына жақын маңда орналасады.

Жоба Энергетика министрлігінің бекітілген техникалық-экономикалық негіздемесі бар жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізіміне енгізілген. Қос станция да мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.

Айта кетейік, 2020 жылы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр қол қойған Қазақстанның су энергетикасын дамыту жоспарына сәйкес қуаттылығы 19 МВт Рудничная ГЭС-1 іске қосылады деп жоспарланған болатын. 2021 жылы пайдалануға берілуі керек еді.

Аталған жоспарға сәйкес, «ЭнергобилдСервис» компаниясы 2024 жылы Көксу өзеніндегі қуаты 23 МВт ГЭС-2-ні тартылған қаражат есебінен іске қосуды жоспарлаған болатын.

«ЭнергоБилдСервис» компаниясы EnergyBridge Ltd жеке компаниясына тиесілі (көрсетілетін қызмет түрі су электр станцияларынан электр энергиясын өндіру). Соңғысының қатысушылары – PowerBridge Limited және Қайрат Оразбеков. PowerBridge Limited қатысушылары KAZ Minerals Holding B.V. және Ален Байғазин.

Айта кететіні, KAZ Minerals акцияларының 63,5%-ы танымал бизнесмен Владимир Кимге тиесілі, оның активтері 3,6 млрд долларға бағаланады. Ол Forbes нұсқасы бойынша қазақстандықтар арасында ең бай төртінші (Вячеслав Кимнен – 6,3 млд доллар, Тимур Құлыбаев – 5 млрд доллар және Динара Құлыбаевадан кейін) адам және әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 885-ші орында. 

Сондай-ақ оқыңыз