Жаңалықтар

«Наурыз» ипотекасы: «Отбасы банк» қандай өтінімдерге басымдық береді?

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінімдер қабылдау 30 маусымға дейін жалғасады / Архив: kursiv.media

25 сәуір «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды. Ол 30 маусымға дейін, екі ай бойы жалғасады. Бұл ретте ұпайлар қалай есептеледі, қандай санаттағы азаматтарға басымдық беріледі? 

«Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді», – деп хабарлады жоба операторы.

Ұпайлар қалай есептеледі?

  • салым бойынша сыйақы мөлшері – әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
  • тіркелген некеге – 5 ұпай;
  • балаларға – 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесіне – 10 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгілер (қоса алғанда) – 5 ұпай.

Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.

Саралаудан кейін клиенттер Банк сайтында «Наурыз» бағдарламасына өткен үміткерлер тізімін көре алады. Сондай-ақ олардың несие алуға тағы екі ай уақыты болады.

«Отбасы банк» осы уақыт аралығында, бар болған жағдайда тұтынушылық несиелерді өтеуге кеңес береді, есесіне содан кейін қарызды мақұлдау мүмкіндігі көбірек болады. Шынында да, төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табыс қана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ несиелер бойынша төлемдер де ескеріледі», – деп түсіндірді қаржы институты.

Өтініші мақұлданған үміткердің баспана іздеуге 6 ай уақыты болады

Айта кететіні, «Наурыз» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 24 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар көш бастап тұр.

Астана тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары сияқты топ бес қала мен аймақ қатарына кірді.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар бас-аяғы 3 347 өтінім жолдады. Тұрғын үйі барлар мен депозитін қажетті сомаға, 1 млн теңге толтырмағандардың өтінімдері кері қайтарылды. 1 124 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен келіп түсті.

Бағдарлама шарттары қандай?

Алғашқы жарна – 20%-дан басталады. Бұл ретте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін). Ал азаматтардың барлық санаты үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін). Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Заемның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін. Қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Еске салайық, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында биыл 64 мың азаматты тұрғын үймен қамтуға 1 трлн теңге қаражат көзделгенін мәлімдеген еді.