Қазақстанда заңды тұлғаларға берілген несиенің мөлшерлемесі 0,3%-ға төмендеді

Жарияланды
Заңды тұлғаларға берілген несиелердің орташа мөлшерлемесі 17,8%-ды құрады / Фото: shutterstock

Наурыз айының соңында екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға берген теңгедегі несиесі бойынша орташа мөлшерлеме 17,8%-ды құрады. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 0,3%-ға төмен. Сонымен қатар, соңғы 17 айдағы ең төменгі мөлшерлеме. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро сарапшылары хабарлады.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, мұндай көрсеткіш қатарынан жетінші рет тіркеліп отыр.

Бұл ретте жеке тұлғаларға (соның ішінде жеке кәсіпкерлерге) теңгемен несие беру шарттары күрделене түсті. Екінші деңгейлі банктер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі бір айда 1,4%-ға  өсіп, 20%-ды құрады.

Банктер депозиттерінде заңды тұлғаларға қарағанда жеке тұлғаларға тиімді шарттар ұсынды. Осылайша жеке тұлғалардың депозиті бойынша орташа мөлшерлеме 13,8%-ды (ақпанмен салыстырғанда +0,2%- құрады. Ал заңды тұлғалар жинақтарын орта есеппен 13,6% (-0,4%) мөлшерлемемен сақтай алады.

Естеріңізге сала кетейік, 23 ақпанда базалық мөлшерлеме бесінші рет қатарынан 14,75%-ға дейін төмендетілді. 12 сәуір Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 34,6 трлн теңге несие берілді. Қарыз алушылардың санаттары бойынша 16,2 трлн теңге немесе кредиттердің жиынтық көлемінің 46,8%-ы бизнеске мақұлданған. Яғни кәсіпкерлік мақсаттарына кредиттер алған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер. Ал жеке тұлғалардың үлесі – 53,2%, 18,4 трлн теңге несие берілген.

2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық.

Сондай-ақ оқыңыз