Жер сілкінісінен кейін қазақстандықтар өмірін емес тұрғын үйлерін сақтандыруға асықты

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанда өмірін сақтандырғандар деңгейі 0,8% ғана / Фото: shutterstock

Қазақстанда 6,4 млн адам өмірін сақтандырған. Алайда олардың 1,5%-ы ғана өз еркімен мұндай қадамға барған. Тіпті қаңтардағы жер сілкінісінен кейін, қазақстандықтар өмірлерін емес тұрғын үйлерін сақтандыруға асыққан. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында Halyk Life компаниясының төрайымы Жанар Жұбаниязова айтты.

«Бізде өз өмірін сақтандырған 6,4 млн қазақстандық бар. Оның 80-100 мыңы ғана өмірді жинақтаушы ерікті сақтандыру шарттары. Яғни бұл саналы түрде осы қадамға барғандар саны. Қалғандары несие алғанда өмірлерін сақтандырған. Банк тұтынушылық несиені рәсімдеген кезде өмірді сақтандыруды сұрайды. Қазір қазақстандықтар арасында ең танымал сақтандыру – бұл «Құдай сақтасын!», – деп түсіндірді Жанар Жұбаниязова.

Жапония халқының 95%-ы сақтандырылған

Қазақстанда өмірін ерікті сақтандыратындар деңгейі 0,8% ғана. Мәселен, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 3%, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі – Қытайда – 82%, АҚШ пен Канадада – 54%, Жапонияда – 95%.

«Мәселен, Жапонияда өмірді сақтандыру барынша кіріктірілген. Онда пәтер жалдаған кезде өмірді сақтандыруды сұрайды. Ол болмаса, пәтер сізге жалға берілмейді. Себебі жалға алушы қайтыс болған жағдайда жалдау ақысын кім төлейді? Сондай-ақ мұндай өнімді сұлулық салондары, спорт ұйымдары, стоматологтар, емханалар және т.б. қызметтеріне біріктіруге болады», – деді спикер.

Қазақстанда орташа сақтандыру сыйлықақысы 40 долларды, Жапонияда 3,5 мың долларды құрайды

Ал «Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту» тұжырымдамасына сәйкес халықтың бұл нарықтың қызметтеріне деген сұранысы 7%-дан аспайды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жасалған өмірді сақтандыру шарттарының саны 80-100 мыңды құрайды.

Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа сақтандыру сыйлықақысы 40 долларды құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш сәл жоғары – 60 доллар. Ал Қытайда – 300 доллар, АҚШ пен Канадада – 2,5 мың доллар, ең жоғары көрсеткіш – Жапонияда – 3,5 мың доллар.

Қазақстанның ЖІӨ-дегі сақтандыру сыйлықақыларының үлесі 0,4% (Ресейде 5%). Номиналды жалақыдан сыйлықақы мөлшері 6,4% құрайды. Бұған дейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы соңғы бір жылда мұндай өнім бойынша жасалған келісімдер саны үш есеге өскенін хабарлаған болатын.

Қазақстанда саланың дамуына бірнеше фактор кедергі келтіріп отыр

Жанар Жұбаниязованың пайымынша, халықтың тұтынушылық әлеуетінің төмендеуі ықпал етіп отыр. Сонымен қатар халықтың борыштық жүктемесі де жоғары деңгейде. Айта кететіні, елімізде 20 млн адам тұрса, оның 8,5 миллионында несие бар.

«Тағы атап өтетін фактор, қаржылық сауаттылық, оның ішінде сақтандыру мәдениетінің төмендігі. Сондай-ақ сақтандыру ұйымдарына және жалпы салаға халықтың сенімінің төмендігі саланың дамуын тежеуде», – деді компания басшысы.

Спикердің айтуынша, тағы бір мәселе – саланы цифрландыру төмен деңгейде.

Сақтандырудан халық не ұтады?

Өмірді сақтандыру үлесінің артуы нарықтың өсуіне және сәйкесінше кірістің артуына ықпал етеді. Жұбаниязова бұл ретте кіріктірілген сақтандыруды насихаттау басты рөл атқара алатынын атап өтті. Болашақта компаниялар адамның өміріне және жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін өнімдерді жасай алады.

«Өмірді ерікті сақтандыру саласының өсу әлеуеті қазіргі нарықтық деңгейден 5 есе жоғары. Бұл көрсеткіш 250 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін», – деп атап өтті спикер.

Осы ретте саланы дамыту экономикалық тұрғыдан тиімді екенін айта кеткен жөн. Мысалы, ел экономикасына ұзақ мерзімді инвестицияның маңызды көзі болып табылатын сақтандыру резервтері артуы мүмкін.

«Сонымен қатар келеңсіз жағдайлар туындаған кезде азаматтарды қорғау деңгейін арттыру арқылы қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс болмайды. Сондай-ақ өмірді ерікті сақтандырудың танымалдылығының артуы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына әлеуетті әсер етуі мүмкін», – деді компания басшысы.

Халықтың сенімін арттыру керек

Осы мәселелерді шешу үшін Halyk Life басшысы халықтың қаржылық сауатын арттыру керек деп есептейді.

«Мәселен, жоғары оқу орындары мен мектептерде қаржылық сауаттылық сабақтарын өткізу керек. Сондай-ақ сақтандыру қызметтері туралы ақпаратты жеңілдетіп, оны кез келген арналар арқылы қолжетімді ету ұсынылады», – деді спикер.

Оның айтуынша, цифрландыру тұрғысынан сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін және кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мұндай өнімдердің сапасын арттыру қажет. Өнімді осындай қызметтердің кепілдендірілген түрлерінің тізіміне енгізу де маңызды.

Қазақстандық сақтандырушы компаниялар жасанды интеллекті бизнес-процестерге қарқынды енгізе бастады. ЖИ фотосуреттерден көліктің қаншалықты зақымдалғанын анықтайды.

Сондай-ақ оқыңыз