Жаңалықтар

Қазақстан су тасқынына байланысты «Болашақтың ойындарын» 2026 жылға ауыстырды

Сайыс қаржыны үнемдау мақсатында кейінге шегерілді / Фото: akorda.kz, бильд- редактор: Артур Алескеров

Елімізде келесі жылы өтуі тиіс «Болашақтың ойындары» халықаралық сайысы тағы бір жылға шегерілді. Мұндай шешім су тасқынына байланысты қаржыны үнемдеу қажеттілігінен туындап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында елімізде өтетін имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеуді және кейінге шегеруді тапсырды.

«Осылайша, биыл күзде ұйымдастырылатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу шығындарын оңтайландыру, «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды»,-делінген ҚР Туризм және спорт министрлігі таратқан хабарламда.

Еске сала кетсек, биылғы ақпанда президент Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» сайысының ашылу салтанатына қатысып, келесі жылғы мультиспорт турнирі Қазақстанда өтетінін мәлімдеген еді. Ойындар цифрлық және классикалық спортты біріктіретін 21 инновациялық фиджитал бағдарлама бойынша өтті. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түсті. Жалпы бұл турнирде еліміздің 48 өкілі бақ сынады.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 13-14 маусымында болатын Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдаған еді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады», – деп мәлім етті Ақорда баспасөз қызметі.

Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратын болады.

Бұдан бөлек Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы да 2025 жылы өткізіледі. Бұл форумды биыл 25-26 сәуірде өткізу жоспарланған еді. Ауқымды іс-шара 2025 жылы ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, министрлік зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды үйлестіру және жүзеге асыру жөніндегі жауапты орган болып тағайындалды. Сол себепті форумды өткізу кейінгі ысырылды.