Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан үш күнде 79 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өкілдері мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері мұны мониторинг барысында анықтаған.
«25 сәуірде Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында 12 өлі итбалық ұшасын тапты. «Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалықтар табылған жерге шықты»,- деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының өкілдері.
Итбалықтардың өлекселері қатты ыдыраған күйде болған, сондықтан мамандар оларды қыста өлген деп болжап отыр. Өңірде 23 сәуірден бері соғып тұрған батыстан соққан дауылды жел оларды жағаға алып шыққан. Гидробиология және экология институтының қызметкерлері зерттеу жүргізу үшін ішкі ағзаларды, сондай-ақ, азу тістерін ішінара іріктеп алғанын мәлімдеді.
«23-24 сәуір аралығында инспекция Гидробиология және экология институтының қызметкерлерімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын мониторинг жүргізу кезінде 67 өлі итбалық өлекселері табылды, олар да шіріген күйде болды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастыруда»,-делінген хабарламада.
Ведомство мәлімдеуінше ағымдағы жылдың 29 наурызы мен 25 сәуірі аралығында бұл аумақтардан барлығы 182 өлі итбалықтың өлексесі табылған.
Еске салсақ, 10 сәуір күні Каспий теңізінің жағалауынан 78 өлі итбалық табылған еді. Бұл Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Түпқараған ауданында мониторинг жүргізгенде белгілі болды. Одан бөлек 8 сәуір күні инспекция қызметкерлері 25 өлі итбалық өлексесін тапқан.
Былтыр да Түпқараған ауданы Баутино ауылы маңында өлі итбалықтар табылған болатын.