Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны өтеледі – Ереже бекітілді

Жарияланды
Су тасқынынан бизнеске келген шығынды өтеу тәртібі белгіленді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редектор: Ахтам Зиперов

Су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің шығындары өтеледі. Ұлттық экономика министрі тасқын салдарынан кәсіпкерлік субъектілерге келтірілген мүліктік шығындарды өтеу тәртібін бекітті.

Шығынды өтеу бағасына жоғалған мүліктің, тауарлық-материалдық заттардың, қираған және зақымданған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарының құны кіреді.

«Шығындарды өтеу сақтандырылған мүлікті қоспағанда жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіруге жұмсалған шығыстарды өтеу жолымен жүргізілетін болады. Жоғалған тауарлардың құны көтерме бағамен жеткізушілердің сатып алу бағасы бойынша өтеледі.  Бұл мүліктік шығындардың өтемақысын айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның шешімі аясында жүзеге асады»,- делінген Ұлттық экономика министрінің бұйрығында.

Аталған ережелер агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары үшін шығындарды өтеуге қолданылмайды.

Төлемдер мемлекеттік бюджет пен өңірлердегі бюджеттен тыс қорлардың қаражаты есебінен төленеді. Өңірлік комиссия облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен құрылады. Ал бюджеттен тыс қорлардан шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өтiнiштерiн қарау үшiн қор комиссиясы жеке құрылады. Бүлінген мүлік меншік құқығы және соған сәйкес тиісті құжаттармен расталады. Өтелетін құн мөлшерін аймақтық комиссия немесе қор комиссиясы анықтайды. Өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Өтемақы қандай жағдайда төленеді?

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын кім өтейді деген сұраққа жауап берген болатын.

Министрліктің хабарлауынша табиғи төтенше жағдайда зардап шеккен халыққа Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен зардап шеккендердің ең аз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шектерде жүзеге асырылады. ҚР бюджет заңнамасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен және ұйымдардың, азаматтардың, қорлардың және т.б. заңда рұқсат етілген ерікті жарналар есебінен өтеледі.

Шығынды өтеу ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Яғни заңнама бойынша жылжымайтын мүлікке жатқызылмаған уақытша ғимараттарға, тұрмыстық және өзге де ғимараттарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге өтемақы берілмейді. Сонымен бірге өтемақы бағалы киім-кешектерге, сән-салтанат бұйымдарына, металдардан жасалған немесе бағалы металдардан жасалған бұйымдарға, көркемдік құндылық объектілеріне төленбейді. Егер олар төтенше жағдайлардан сақтандырылған болса, мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен, сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге жатады.

Шығынды өтеу шарттары

Қағидаларға сәйкес шығындар төмендегі алгоритмдер бойынша өтеледі.

Материалдық зиян шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалдың орнын толтыру туралы өтініш береді. Келтiрiлген зиянды өтеу туралы өтiнiшке зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi қосымша берілуі керек. Егер табиғи төтенше жағдайдың салдарынан мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәлік көшірмесін ұсынуы керек. Сонымен бірге табиғи төтенше жағдай туындаған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезінде зардап шегушінің жоғалған және бүлінген мүлкінің тізбесі өтінішпен қосымша берілуі керек.

Бағалау жұмыстары қанша күнге созылады?

Жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде келтірген зиянның мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Бұл ретте бағалауды ұйымдастыруға байланысты шығыстарды жергілікті атқарушы орган көтереді. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін анықтау жәбірленуші мен бағалаушының қатысуымен жүзеге асырылады.

  • Келтірілген залал мөлшерін бағалауды ұйымдастыру мынадай кезеңдерден тұрады:
  • жәбірленуші бағалаушыны таңдайды;
  • жәбірленушінің келісімі бойынша бағалау жүргізу уақыты мен орны анықталады;
  • жәбірленушіні бағалау актісімен таныстыру.

Бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражатты бөлу туралы шешім қабылдайды. Жәбірленушілерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі. Даулар туындаған жағдайда зиянды өтеу мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.

Сондай-ақ оқыңыз