Қасым-Жомарт Тоқаев жалпықалалық сенбілікке қатысты

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
сенбілікке
Астаналықтар сенбілік аясында ағаш отырғызды. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды. Сенбілік «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сенбілікке волонтерлер, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, еліміздің ғылым, креативті индустрия, мәдениет, спорт салаларындағы белсенді жастар және Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері атсалысқан. Шара барысында жөке ағашының 430 түп көшеті егілген.

Сенбілік барысында мемлекет басшысы жастармен әңгімелесіп, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өткен.

«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет», – деді ол.

Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы абаттандыру және көгалдандыру жоспарын таныстырған. Оның айтуынша, биыл 1,1 миллион жасыл желек, соның ішінде қала аумағында 35 мың, елорданың жасыл белдеуі аймағында 200 мың түп көшет отырғызу жоспарланған.

Сонымен қатар қаладағы 170 қоғамдық орынды, оның ішінде Есіл өзенінің бойын, Ақбұлақ жағалауын, сондай-ақ Триатлон паркі, Бейбітшілік және келісім сарайы, ЭКСПО маңын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Астана әкімі былтыр елорданы көгалдандыру жарғысы қабылданғанын атап өтіп, аталған құжатқа сәйкес егілген жасыл желекті 3 жылға дейін күтіп-баптау міндеті жүктелетінін және үлкен ағаштар, көпжылдық өсімдіктер отырғызуға басымдық берілетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Ботаникалық бақты аралап, жалпықалалық сенбілікке қатысып жатқан тұрғындарға, елорданың коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірген.

Былтыр Президент «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысып, елордадағы саябақта ағаш отырғызған.

Сондай-ақ оқыңыз