Шенген-2024: Қазақстандықтар биыл қалай виза ала алады?

Жарияланды
kursiv.media

Еуропа көріп, Эйфель мұнарасына мініп, атақты трдельник сияқты тоқашты кім жеп көргісі келмейді? Дегенмен көзді жұмып билет ала салып, жолға шығып кете салмайсыз. Себебі қазақстандықтар Еуропа шекарасына өтуі үшін шенген визасын алуы керек. Бұл қандай виза? 2024 жылы қандай өзгеріс болды? Осы туралы айтамыз.

Шенген виза деген не?

Бұл — Шенген аймағына кіретін елдерге кіріп, сол жерлерде емін-еркін жүріп тұруға рұқсат беретін құжат. 2024 жылы бұл аймаққа мына елдер кіреді:

АустрияБельгияВенгрия (Мажарстан)
ГерманияГрекияДания
ИсландияИспанияИталия
ЛатвияЛитваЛихтенштейн
ЛюксембургМальтаНидерланд
НорвегияПольшаПортугалия
СловакияСловенияФинляндия
ФранцияХорватияЧех Республикасы
ШвейцарияШвецияЭстония

Шенген аймағына кірмейтін, бірақ визаңыз болса, бара беруге болатын елдер де бар. Олар: Албания, Болгария, Румыния, Кипр, Бонайре аралы, Саба мен Синт-Эстатиус, Кюрасао аралы мен Синт-Мартен, Гибралтар, Реюньон мен Француз Гвианасы. Бұл елдердің ішінде кейбіріне Қазақстан азаматтары визасыз кіре алады. Бұл туралы сәл кейінірек. Айтпақшы, Еуроодаққа мүше елдердің Сыртқы істер және Әділет министрліктері 2022 жылдың 8 желтоқсанындағы отырыста Хорватияны Шенген аймағына кіргізген еді.

Шенген визасын кімдер ала алады?

Шенген визасы мынадай төрт түлі санатқа бөлінеді: A, B, C және D. Алдымен А түрінен бастайық. Бұл — әуежай ішінде жүріп-тұруға рұқсат беретін құжат. Яғни сізде осындай виза болса, тек әуежайда жүруіңіз керек. Сыртқа шығуға болмайды. Ал B типіндегі құжаты барлар шенген келісімі бар виза аймағында бес күн бола алады. Турист болып барғысы келетіндер C типін таңдайды. Ол аз уақытқа ғана беріледі. Ал енді оқуға, жұмысқа кететіндер не біржолата қоныс аударатындар визаның D деген түрін алуы керек. Бұрын Қазақстан азаматтары туристік визаны белгілі бір Шенген елдерінен ғана ала алатын еді. Мысалы Испания не Мажарстан (Венгрия) дегендей. Еуропалық одаққа кіретін елдердің басым бөлігіне заңды өтіп, кіру үшін жұмыс, оқу, емделу, туыстарға қонаққа бару дегендей себеппен ғана кіруге болатын. Қазір жағдай өзгерді. Бүгінде Шенген аймағына кіретін кез келген елге еркін өтініш тастап, виза алуға болады. 

Еуропада Шенген визасымен қанша уақыт бола аламыз?

Бәрі сіздің визаның қай түрін рәсімдегеніңізге байланысты. Мысалы С типімен жарты жыл сайын әрі кеткенде 90 күн бола аласыз. Кейде одан да аз болуы мүмкін. Бір реттік және көп реттік (мультивиза) виза болады. Бұлардың айырмашылығы сол — неше рет өтуге мүмкіндік беретінінде. Мәселен сізге бір реттік шенген визасы берілді делік. Сөйтіп Польшаға екі аптаға барып келдіңіз. Елге қайтып келсеңіз, әлгі бір реттік визамен қайтадан Еуропа шекарасына өте алмайсыз. Ал мультивизаның ерекшелігі — бірнеше рет кіріп шыға беруге рұқсат береді. Чехия барып келдіңіз, араға уақыт салып Германия ұшып барсаңыз болады. Бастысы елде болатын уақытты дұрыс есептеп алуыңыз керек.   

Бір визамен бірнеше елге кіруге бола ма?

Иә, шенген визасының ерекшелігі де сол. Аймаққа кіретін елдердің арасында емін-еркін жүре бересіз. Яғни сіз әу баста визаны Норвегиядан алсаңыз, Францияға бөлек виза жасатып жүрмейсіз. Тек қай елде көп уақыт өткізетін болсаңыз, сол елдің елшілігінен рәсімдеу керек. Ал енді әр елде шамамен бірдей уақыт өткізетін болсаңыз, бірінші қай елдің әуежайынан түсемін деп жоспарласаңыз, сол елден виза алыңыз. Мысалы Астана-Варшава бағытында билет алсаңыз, онда сізге Польшадан алу керек.

Виза жасатуға қанша уақыт кетеді?

Негізі виза беру мәселесі 15 күн қарастырылады. Кейде ғана өтінімді қарау мерзімі ұзаруы мүмкін. Оған құжатты дұрыс тапсырмағаныңыз, елшілікте қосымша сұрақтар пайда болғаны себеп болып жатады.

2024 жылы Шенген визасын қалай алуға болады?        

Сіздерге барынша түсінікті болуы үшін әр қадамды толық жазып шығуға тырыстық. Десе де Шенген келісімі елдерінің әрқайсысында талап әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан тапсыратын кезде сұрайтын құжат тізімін жеке анықтап алу керек.

1-қадам. Алдымен құжат дайындаймыз. Міндетті түрде баратын еліңіздің елшілігінің сайтына кіріп, ол жерден сұралатын құжаттар тізімін қарап шығыңыз. Енді Шенген визасын алуға керек құжаттарға келсек:

  • Өтініш формасы не анкета толтырамыз. Ол әр елдің елшілігінің сайтында болады. Сол жерден жүктеп алыңыз. Мысалы, мына жерде Германияға, мына жерде Италияға арналған өтініш формалары бар. Сауалнаманы ағылшынша немесе барайын деп жатқан еліңіздің мемлекеттік тілінде толтырасыз. Анкетаның сол жағын ғана толтырасыз. Оң жағын елшілік өкілі толтырады. Айтпақшы, суретіңізді жабыстыруды ұмытып кетпеңіз. 
  • Төлқұжат және бұған дейін алған визалардың көшірмесі керек. Ол үшін төлқұжатыңыздың бірінші бетін копия жасап аласыз. Паспортта кемінде екі бет бос тұрсын.
  • Ақ фонда түсірілген, төлқұжат форматында, бері қараған фотосуретіңіз қажет. Өлшемі — 3,5×4,5. Өзіңіз түсірсеңіз болады, әрине. Дегенмен күмән болмас үшін фотосалонға барып, арнайы жасатқан дұрысырақ. Бастысы, фотографқа бұл суреттің құжатқа керек екені ескертіңіз. Түсіріп жүрген адам болған соң, олар жақсы біледі.
  • Қонақүйден бөлме алғаныңызды растайтын құжат не жалға алатын пәтерден бронь.
  • Банктегі шоттан үзінді қосасыз. Шамамен бір күнге 65 еуродан келетіндей есептеп, шотыңызға ақша салып қойыңыз. Көп болғаны жақсырақ.
  • Туристік медициналық сақтандыру полисі. Оның сақтандыру сомасы кемінде 30 мың еуродан кем болмауы керек. Осылайша Шенген аймағы елдерінде шығындарды өтей алатындай болуы маңызды. 
  • Барып-қайтатын билет броны.
  • Жұмыстан анықтама және еңбек демалысын растайтын құжат. Компанияның ресми бланкінде, мөр қойылған, басшысының қолымен болуы керек. Ол анықтамада қызметіңіз бен қанша айлық алатыныңыз көрсетілуі шарт.
  • Неке қию, ажырасқанды растайтын және кәмелетке толмаған балаларыңыз болса, солардың куәлігін қосыңыз.
  • Жасы 18-ге толмағандар Еуропаға баруы үшін ата-анасының қолы қойылған өтініш, туу туралы куәлігі мен өзі жалғыз баратын болса, ата-анасының рұқсат бергенін нотариуспен расталған құжатты қоса көрсету керек.

Келесі қадам

2-қадам. Елшілікке жазыласыз. Ақы алынбайды. Қажет бөлім мен уақытты сайттан таңдайсыз. Өтінішті ең көп дегенде жолға шығардан 180 күн бұрын, ең таяғанда 15 күн қалғанда беруге болады. Сондықтан сапарлататын кезде осы уақытта ескеріңіз. Сіз шыққанға дейін құжаттар түгел дайын тұратындай болсын. Жазылған соң растаған құжат поштаңызға келеді. Соны шығарып алыңыз. 

3-қадам. Енді сізге елшілікке дайындап қойған құжаттарыңыз алып, барасыз. Барлық құжатты түгендеп, виза алымына төленетін ақшаны дайындап барыңыз.

4-қадам. Бәрі жақсы өткен соң, өтінімді қабылдап, консул алымын төлеуге, сосын биометрика жинауға жібереді. 

2024 жылы Қазақстан үшін Шенген визасының құны қанша?

Шенген визасының құны баратын еліңізге байланысты. Көп елде құжат қабылдайтын арнайы орталықтар бар. Сондықтан баратындар консул алымына қоса, виза рәсімдеуге алынатын қызмет алымын да қоса төлейді. Мәселен Германия арқылы шенген визасын алғыңыз келсе, онда құжатты Visametric агенттігі арқылы рәсімдейсіз. Демек, бұл ретте сізге сервистік және консул алымын да төлеу керек болады. Жалпы консул алымы ересектер мен жасы 12-ден асқан балаларға 80 еуро тұрады. Ал 6-12 жас аралығындағы балаларға — 40 еуро. Германияда Visametric сервис алымы — 26,54 еуро. Бір айта кететін жайт: консул және сервис алымы қолма-қол ақшамен төленеді. Қай валютамен қабылдайтыны сіз баратын елге байланысты. Мысалы Германияда теңгемен ала береді. Ал Мажарстан еуромен қабылдайды дегендей. Теңгеге шаққандағы сомасы Қазақстандағы кұнделікті айырбас бағамына байланысты өзгеріп тұрады.     

Қай елшіліктен виза алу ықтималы жоғары?

Бұл сұрақ туристің барлығына дерлік өте қызық. Әрине, кім болсын құжат тапсырған соң мақұлдағанын қалайды. Дегенмен 100 пайыз бәріне рұқсат бере беретін елшілікті айту қиын. Себебі бұл ретте қаржылық жағдай, сіздің бұрын-соңды қай елдерге барғаныңыз, басқа да құжаттарыңыз қарастырылады. Сонымен бірге тексеріп, қабылдап алатын адамға да көп нәрсе байланысты. Біреуі қатты «қадалып» тексерсе, енді бірі оңай өткізуі мүмкін. 

2024 жылы Алматы мен Астанада Шенген визасын қай жерден рәсімдеуге болады?

Айтқандай, өтінімді Еуропа одағы елдерінің консулдығы мен елшілігінен беруге болады. Кейбірі құжатты тікелей қабылдамай, ресми виза өкілдігі мен орталықтары арқылы алады. Айталық, Италия келіп түскен өтінімдерді VMS деген ресми виза орталығы арқылы қабылдайды.   

Қандай жағдайда виза бермей қоюы мүмкін?

Иә, кейде визаны мақұлдамай қояды. Оған бірнеше себеп болады. Әркімде әрқалай. Десе де, ең жиі кездесетіндерін тізіп көрейік:

  • Бұл елге бұрын бармағансыз;
  • Маршрутыңыз өте күрделі. Баратын жерлеріңізге билет алмағансыз, қонақ үйден бөлмеге бронь жасамағансыз;
  • Айыппұл не мемлекетке басқа да қарыздарыңызды төлемегенсіз;
  • Виза режимін бұзғаныңыз үшін бұрын сізге депорт жасалған;
  • Шотыңызға ақша жоқ;
  • Керек құжаттарды түгендемегенсіз.

Виза сұрамайтын Еуропа елдері бар ма?

Бар. Еуропамен арада визасыз режим орнату үшін Қазақстан бірнеше жылдан бері келісім жасасып келеді. Дегенмен әзірге толық орнаған жоқ. Ол өте қиын процесс екені белгілі. Биыл шыққан жақсы жаңалық — Еуропа одағы елдеріне қазақстандықтарды кіргізу жолы жеңілдетіледі. Яғни визаға сұралатын бірыңғай құжаттар тізімін жасап, консул алымын азайтып, өтінімдерді қарастыру уақытын қысқартып не мультивизамен жүретін уақытты ұзарту сынды шаралар қаралып жатыр. Елге барғаннан кейін не электрон виза рәсімдеу туралы әңгіме әзірге мүлдем айтылып жатқан жоқ. Сыртқы істер министрлігінің сөзіне сүйенсек, 27 елдің түгел келісімін алу оңай емес.

Визасыз жүруге болатын еуропалық елдерді айтайық. Қазір Шығыс Еуропаның үш еліне қазақстандықтар визасыз кіре алады. Олар Еуроодаққа да, Шенген аймағына да кірмейді: Албания, Сербия және Черногория. Бұл елдерде қазақстандықтарға 30 күн визасыз жүруге рұқсат. Айтпақшы, Черногорияға туристер ғана, әрі жазда ғана кіре алады. 

Кейінгі жаңалықтарды ішінде Қазақстанның Оңтүстік Еуропадағы Сан-Мариномен визасыз режимге келісім жүргізіп жатқаны бар. Нәтижесінде қазақстандықтар бірінші рет кірген соң әр 180 күн сайын 90 күндей тұрақтай алатын болады. Бірақ қиын тұсы сол — Сан-Мариноның Италиядағы шағын ғана мемлекет екені. Ол жерге жеке ұшақпен ғана бара аласыз. Себебі халықаралық әуежайы жоқ. Ең жақыны — Италияда. Ал оған виза сұрайды. Сондықтан Сан-Мариноға барғысы келгендерге қалай болған күннің өзінде Шенген виза рәсімдеу керек.

Сондай-ақ оқыңыз