Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтерілуде

Жарияланды (жаңартылды )
Атырау облысында Жайық суының деңгейі көтерілуде //t.me/atyrauakimat

Жайық өзеніндегі Орал қаласының тұсында су қауіпті деңгейден түсті (844 см).  БҚО-да су тасқыны кезеңінде жалпы облыс бойынша 14 001 адам эвакуацияланды.

Ресейдің Ирикла су қоймасынан жіберілген мол су БҚО аумағынан өтті.

28 сәуір сағат 8:00-дегі жағдай бойынша Жайық өзені – Индербор кентіндегі су бекетіндегі деңгей 645 см (+19 см-ға көтерілді), Махамбет кентінде 743 см (+ 8 см), Атырау қаласында 434 см (+ 3 см) болды.

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуін Атырау облысы айрықша бақылауға алып, мониторинг жалғасуда. Өңірдегі 111 секторда тасқынның алдын алу шаралары жүзеге асуда. Атырау облысы әкімдігінің мәліметі бойынша Ақсай, Ақсай, Көктем ауылдарындағы бөгетті нығайту жұмысы аяқталып қалды. Жайық-Каспий арнасы тереңдетілуде.

29 сәуірден бастап облыстағы мектептер оффлайн оқуға оралады. Су басқан Жылыой ауданында апат зардабын жою мақсатында іс-шаралар қолға алынды.

Атырау қаласында дрон көмегін пайдалануда

Атырау қаласында Жайық өзені бойында бөгеттерді нығайту жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Дронның көмегімен су тасқыны жағдайына мониторинг жасалынуда. Облыстағы күштер мен құралдар тасқынның алдын алу жұмысын жалғастыруда. Бұған дейін броньнан шығарылған жылжымалы сорғы станциялары су басқан аумақтардан су сору жұмыстарына жұмылдырылды.

«Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Республика бойынша 37 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. 6 мыңнан астам адам эвакуациялау пунктерінде орналасқан», – деді ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды.

Су тасқыны басталғалы бері 12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.

Жалпы азаматтық қорғау қызметтерімен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз