Депозиттегі қаржы мемлекет кепілдік берген сомадан асып кетсе не болады?

Жарияланды (жаңартылды )
Депозиттегі қаржы
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда депозиттегі қаржы қалай қайтарылады? / Фото: shutterstock

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк лицензиясынан айырылған жағдайда қаржы ұйымы салымшыларына кепілді өтемақы төлейді. Оның көлемі жинақ түріне қарай жіктеледі. Мәселен, теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша – 20 млн теңгеге дейін. Ал теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша – 10 млн теңгеге дейін. Шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша 5 млн теңгеге дейін өтемақы төленеді.

Жинақты бір емес, бірнеше банкте орналастыру

Осы орайда Қор банктегі шотқа ақша салардың алдында әрбір салым түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомаларды ескере отырып, қаржыны бірнеше банкке бөлуге болатынын хабарлады.

«Сол ақшаның шекті сомадан асқан бөлігін салымшы таратылатын банктің тарату комиссиясынан кезек бойынша алады. Бұл тәртіп банк заңнамасында жазылған. Міне, сондықтан ақшаны тарату комиссиясынан айлап, жылдап күтпес үшін және сақтандыру жағдайы туындай қалған жағдайда бүкіл ақшаны бірден алу үшін ҚДКБҚ жинақ ақшаны бір емес, бірнеше банкте орналастыруға кеңес береді», – деп түсіндірді ҚДКБҚ.

Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке беріледі.       

Өтемақы сомасы 20 млн теңгеден аспайды

Егер салымшы бір банкте бірнеше депозит ашқан болса және оған қоса шетел валютасындағы депозиті бар болса, қайтпек керек?

Кепілдік беру қорының хабарлауынша, өтемақы төлеу барысында бұл ақшалар бір-біріне қосылады. Осылайша жиынтық кепілді сома төленеді. Бірақ ол әрбір салым түрі бойынша шекті сомаларды ескере отырып, 20 млн теңгеден аспайды.

Салымшылар өз депозиттері бойынша кепілді өтемақы сомасын онлайн режімінде кез келген уақытта есептей алады.

Ал таратылатын банктің депозиторларына кепілдіктен артық қалған ақшаларды тарату комиссиясы төлейді. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін 10 кезек қарастырылған. Жеке тұлғаларға кепілдіктен артық ақшалар бойынша өтем сомалары төртінші кезек бойынша төленеді.

Айта кететіні, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа отандық банктердің барлығы (оның ішінде шетелдік банктердің Қазақстандағы филиалдары) кіреді. Өтемақыны төлеу барысында салымдар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақылар да есепке алынады.

Еске сала кетсек, Наурызда қазақстандық банктердегі депозит көлемі 0,97%-ға өсіп, 34,5 трлн теңгеге жетті. Қаржы ұйымдарындағы жинақ көлемі екі ай қатарынан артып келеді. Жылдық динамикада көрсеткіш 12,3%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда  1,6%-ға артып, 26,6 трлн теңгені құрады. Шетелдік валютадағы депозиттер наурызда 1,1%-ға төмендеп, 7,89 трлн теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз