Қарыз қоржыны географиясын кеңейтеді: ҚДБ Таяу Шығыстың қаржы институттарымен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
таяу
Фото: ҚДБ баспасөз қызметі

Қазақстанның Даму банкі Таяу Шығыстың Al Rahji Bank және Banque Saudi Fransi сынды қаржы институттарымен ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Бұл банктің қарыз қоржыны географиясын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Таяу Шығыс қаржы ұйымдарымен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

ҚДБ басшылығы Al Rahji Bank және Banque Saudi Fransi сияқты қаржы институттарының, сондай-ақ Кувейт экономикалық даму қоры мен Халықаралық даму жөніндегі ОПЕК қорының өкілдерімен екіжақты кездесу өткізген.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бастаған қазақстандық делегация Эр-Риядтағы Ислам Даму Банкінің отырысына қатысқан. Бұл алаңда ҚДБ-ның Таяу Шығыс елдерінің қаржы институттарымен бірқатар екіжақты кездесулері өтті.

«Бұл кездесулер Таяу Шығыс елдерінің қаржы институттарымен іскерлік қатынастарды дамытуға жаңа серпін бермек. Ұзақ мерзімді келешекте Банкке қарыз алу қоржынының географиясын әртараптандыруға мүмкіндік тудырып, пайдаланылатын қаржы құралдарының тізімдерін кеңейтуге көмектеседі. Сонымен қатар, осы институттармен стратегиялық серіктестіктер құру қаржы саласындағы технологиялардың тәжірибесі білімі және соңғы жетістіктерімен алмасуға ықпал етеді`», – делінген хабарламада.

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.

Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өз акционеріне қарапайым акциялары бойынша 90 млрд теңге дивиденд төлейді. Қаржы ұйымының 2023 жылғы 180 млрд теңге таза табысының тең жартысы акционеріне дивиденд ретінде төленсе, 90 млрд теңгесі банктің өзінде қалады. Дивиденд мөлшері 1 қарапайым акцияға шаққанда 42 565 теңгеден келеді.Акционерге 2023 жыл үшін төлейтін дивиденд көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Банк алдыңғы жылы 17 млрд теңге дивиденд төлеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз