Салық жоспары орындалмады, су тасқыны салдарын жоюға қомақты қаражат қажет: Үкімет Ұлттық қордан қосымша қаржы ала ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Ұлттық қордан
Үкімет Ұлттық қордан қосымша қаржы ала ма? Фото: shutterstock.com

І тоқсанда салық жоспарының орындалмауы, су тасқынынан келген үлкен шығын ел Үкіметін жыл соңына қарай Ұлттық қордан қосымша қаржы алуға мәжбүрлеуі мүмкін. Ал қордан бөлінетін трансферттер Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне әсер етеді. Halyk Finance-тың макроэкономикалық есебінде сарапшылар Қазақстан экономикасының І тоқсан көрсеткіштерін қорытындылап, алдағы уақытқа болжамдарын жариялады.

Ұлттық қордан ірі көлемде қаражат алғанның арқасында, қазір теңге бағамы тұрақты болып тұр. Тіпті кейінгі айда біршама нығайды. Сарапшылар бұл инфляцияға оң әсер ететінін айтады. Алайда күшті валюта бағамы Үкіметтің қордан түсетін трансферттерді азайту жоспарына қауіп төндіреді. Ел билігі биыл 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарланған. Былтыр ұлттық компания акциясын сатып алуды қосқанда, Ұлттық қордан жалпы 5,3 трлн теңге шығарылған. Ал 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге жұмсалып қойды.

Оған қоса І тоқсанда негізгі салық жинау жоспары орындалмаған. Су тасқыны салдарын жоюға кететін үлкен шығындармен қатар, салықтың кем түсуі Үкіметті жыл соңына дейін Ұлттық қордан көбірек қаржы алуға мәжбүр етуі мүмкін. Қордан көбірек қаржы алу өз кезегінде ЖІӨ өсімі, теңге бағамы, инфляция мен базалық мөлшерлемеге әсер етеді.

«Биыл қаңтар-сәуір айларындағы Ұлттық қор қаржысының қарқынды пайдаланылуы, негізгі салық жинау жоспарының орындалмауы және су тасқынынан келген шығынды қаржыландыру үшін жыл соңына қарай үкімет Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттерді көбейтуге мәжбүр болады деп ойлаймыз. Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің артуы негізгі экономикалық көрсеткіштерге әсер етеді. Олардың қатарында ЖІӨ өсімі, теңге бағамы, инфляция және базалық мөлшерлеме бар», – деп жазады сарапшылар.

2024 жылғы қаңтар-наурызда мұнай өндірісінің тоқырауы және негізгі капиталға инвестицияның қысқаруына байланысты ЖІӨ өсу қарқыны күрт төмендеп, былтырғы рекордтық көрсеткіштен кейін (5,1%) 3,9%-ға төмендеген.

Мұнай өнеркәсібінің Қазақстан экономикасындағы үстем жағдайын ескере отырып, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласы, көлік пен байланыс секторындағы серпінді даму шикізат секторының өсу қарқынының төмендеуіне және оның экономиканың өсуіне тигізген теріс әсеріне қарсы тұра алмады. Негізгі капиталға салынған инвестиция да тау-кен кәсіпорындарының инвестицияны қысқартуы салдарынан І тоқсанда 0,8% қысқарды.

Бірінші тоқсанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтер баға өсімінің қысымына қарамастан, инфляция төмендеп келеді.

Сарапшылар 2024 жылдың соңына қарай ЖІӨ 4,5% өседі деген болжамын сақтап отыр. Бұл жақында Қазақстанға қатысты болжамын төмендеткен ХВҚ (3,1%) мен Дүниежүзілік банктің (3,4%) болжамынан біршама артық. Ал мемлекет басшысы Үкіметке экономика өсімін жылдық 6-7 пайыз деңгейіне жеткізуді тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз