Атырау облысында 250 тоннаға жуық шөп өртеніп, шаруашылық қауіпсіз жерге көшірілді

Жарияланды
Атырау пожар
Атырау облысында 250 тоннаға жуық шөп өртеніп, шаруашылық қауіпсіз жерге көшірілді / ҚР ТЖМ

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Қаракөл ауылы маңында 250 тоннаға жуық шөп өртеніп, аймақтағы мал қауіпсіз жерге айдалды.

«Бүгін Құрманғазы ауданында Қаракөл ауылының шетінде ашық аумақта 250 тоннаға жуық шөптің өртенуі орын алды. Зардап шеккендер жоқ. Мал қауіпсіз жерге айдалды», – деп хабарлады ТЖМ 28 сәуір күні кешке.

Министрлік өрттің 29 сәуір таңғы сағат 04:30 шамасында жойылғанын хабарлады. Оның жалпы аумағы 440 шаршы метр болған. Шығындар есептеліп, өрттің себебі анықталып жатыр.

Осыған дейін Абай облысында «Семей орманы» МОТР Бородулиха филиалының Дмитрев орманшылығындағы 0,8 га алаңда болған табиғи өрт жойылған.

26 сәуірде Абай облысы Бородулиха ауданындағы «Семей Орманы» табиғи резерваты филиалының аумағында тағы да орман өрті шықты.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шықты. 9 маусымға қараған түні Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылып, Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланған. Алапат өртті сөндіруге кеткен 14 орманшы қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз