Қытайдың Сиань қаласынан Алматыға дейін жолаушылар пойызы қатынайды

Жарияланды
ктж
Қытайдың Сиань қаласынан Алматыға дейін жолаушылар пойызы қатынайды / Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Қытайдың Сиань қаласынан Алматыға дейін және кері бағытта жолаушылар пойызы қатынайтын болады.

«Қазақстан Теміржолы» компаниясының ақпаратына сүйенсек, «ҚТЖ» мен «Жолаушылар тасымалы» басшылары, Сиань қаласы үкіметінің делегациясы қызметтік кездесу барысында Сиань қаласынан Алматыға халықаралық туристік жолаушылар пойызын іске қосуды ұйымдастыру мәселелерін талқылаған.

Туристік пойыздың жүруі «Үрімші – Алматы-2» қатынасындағы №103/104 жолаушылар пойызының кестесі бойынша Қорғас-Алтынкөл шекаралық өткелі арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, пойыз Алматы-2 станциясында бірнеше күн тұрақтайды. Келісім бойынша осы уақыт ішінде қазақстандық тарап жолаушылар үшін теміржол вокзалында қауіпсіздік шараларын қолданып, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға көмек көрсетуі тиіс.

2023 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға ең көп турист Ресей федерациясы мен Қытай халық республикасынан келген. Туризм және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанға 356 850 ресейлік саяхатшы келген. 

«Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз