Еуропа банктері Ресей Федерациясына Украинамен қақтығысқа дейінгіден 4 есе көп салық төледі – Financial Times

Жарияланды
Еуропа банктері
Еуропа банктері Ресей бюджетіне 800 млн еуродан астам салық төледі / Архив: kursiv.media

Financial Times басылымының есептеуінше, Ресейде жұмысын жалғастырып жатқан ірі еуропалық банктер 2023 жылы Ресей бюджетіне 800 млн еуродан астам салық төлеген. Бұл Ресей әскерлері Украинаға кіргенге дейінгі көрсеткіштен 4 есе көп.

2023 жылы Raiffeisen Bank International, Unicredit, ING, Commerzbank, Deutsche Bank, Intesa Sanpaolo және OTP сынды банктердің жиынтық пайдасы 3 млрд еуродан асқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Табыстың артуына байланысты банктер 2023 жылы 800 млн еуро салық төледі. Бұл 2021 жылғы 200 млн еуромен салыстырғанда 4 есе көп. 

Басылымның жазуынша, Батыс банктерінің Ресей Федерациясындағы жоғары табысы Ресейде жұмысын жалғастырып жатқан шетелдік компаниялардың санкциялар жағдайында елге қаржылық тұрақтылықты сақтауға қалай ықпал ететінін көрсетеді. Салық төлемдерінің басым бөлігі Raiffeisen Bank International-ға тиесілі. Газет австриялық топтың жоспарын талдап, оның ресейлік еншілес ұйымының тұтынушылар базасын бірнеше рет кеңейту жоспары бар деген қорытындыға келді.

Raiffeisen Bank International өзі ресейлік бизнесін қысқартуды жоспарлап отырғанын бұрын хабарлаған болатын. Deutsche Bank, OTP және Commerzbank Ресейдегі қатысуын қысқартты. Intesa өз бизнесін сатып жатыр.

Америкалық банктер Financial Times есептеріне кірмеді, өйткені олар өз есептерінде Ресейдегі нәтижелерін ашып көрсетпейді. 

Киев экономика мектебінің мәліметі бойынша, Citigroup  Ресейде 53 млн доллар төлеп, батыстық банктер арасында төртінші салық төлеуші ​​болды. JPMorgan 6,8 млн доллар төледі.

Сонымен қатар Financial Times атап өткендей, шетелдік банктер тек пайыздық мөлшерлеменің көтерілуінен ғана емес, сонымен қатар Батыстың ресейлік банктерге қарсы санкцияларынан да пайда көрді. Ресейдің  банктері халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалып, бұл Батыс банктерінің тартымдылығын арттырды.

Еске сала кетсек, АҚШ Сенаты Украина, Израиль мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарына қосымша қаржылық көмек көрсету туралы заң жобаларын мақұлдады. Соның ішінде Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасында Киевке шамамен 61 млрд доллар бөлу қарастырылған. Құжатқа сәйкес, Киевке көмек енді тегін емес, несиеге беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз