Жаңалықтар

«Қазақтелеком» дивиденд төлеуге таза кірістің 25%-ын немесе 23 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр

«Қазақтелеком» дивиденд
Компаниялар тобының кірісі 687,8 млрд теңгені құрады / Фото: «Қазақтелеком»

Аталған ұсынысты «Қазақтелеком» директорлар кеңесі 30 сәуір акционерлердің жылдық жалпы жиналысында шешеді. Бұл туралы Қазақстандық қор биржасында өткен «Эмитент күні» барысында компанияның бас қаржы директоры Людмила Атамұратова айтты.

Дивиденд төлеуге 23,1 млрд теңге бөлінуі мүмкін

Спикердің баяндамасына сүйенсек, соңғы 2 жылда «Қазақтелеком» еншілес мобильді операторлар – «Кселл» АҚ (Kcell/Activ брендтері) және «МТ-С» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) компанияларынан дивиденд алмайды. Оның себебі байланыс операторларының 5G байланыс стандартын іске қосуымен байланысты.  

Компанияның бас қаржы директорының айтуынша, бекітілген дивидендтік саясатта дивидендтердің ең төменгі мөлшері – таза пайданың 15%-ы болуы керек деп бекітілген. Әйтсе де 2023 жылғы коэффициент ең төменгі деңгейден 65% немесе 24,79% жоғары болған. Осылайша таза кірістің 25%-ы немесе 23,1 млрд теңгені қарапайым немесе артықшылығы бар акцияларға шаққанда 2 096 теңге 60 тиыннан келеді.

Оң шешім қабылданса, қаржы мамыр айында төленеді

«Артықшылығы бар акционерлер қарапайым қағаз иелері сияқты дивидендтер алады. Тек өткен жылдың желтоқсан айында бұрын алынған кепілдендірілген дивиденд шегеріледі (1 акцияға 300 теңге). Егер акционерлер оң шешім қабылдаса алдағы мамыр айында дивиденд төлеуді жоспарлап отырмыз», – деді Людмила Атамұратова.

Жалпы 2018 жылдан бері «Қазақтелеком» 126 млрд теңгеден астам дивиденд төлеген.  

Компанияның күрделі шығындары 375 млрд теңгеге жетті

2023 жылдың қаржылық есебіне сүйенсек, «Қазақтелеком» компаниялар тобының кірісі былтыр 53,3 млрд теңгеге ұлғайып, 687,8 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 634,5 млрд теңге.

EBITDA көрсеткіші 4,3%  өсіп, оның кірістілігі 43,3%-ды құрады. 2023 жылғы таза пайда 104,4 млрд теңгеге жетті.

Алайда 2023 жылы компаниялар тобының күрделі шығындары айтарлықтай өсіп, 375 млрд теңге немесе кірістің 55% құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Компания басшылығы мұны 5G жобасымен, еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын шығындар 125 млрд теңгеден 146 млрд теңгеге дейін 16,8% арқанымен байланыстырды.

Еске сала кетсек, Freedom Broker сарапшылары «Қазақтелекомның» бір акциясы қазіргі бағасынан тағы 25%-ға өсу әлеуеті бар, сондықтан оның акцияларын сатып алуды ұсынған.