Жаңалықтар

Үкімет энергия өндіруші компаниялардың шығынын қалай өтейді?

Үкімет энергия
Үкімет резерві 331 млрд теңге сомасында бекітілген / Фото: shutterstock

Үкімет толықтай мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші компаниялардың қарызын субсидиялауға өз резервін пайдалана алады. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жария талқыға шығарылған құжатта жазылған.

Атап айтқанда, Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің резервтерін пайдалану қағидаларына толықтай мемлекет меншігіндегі энергия өндіруші ұйымдардың шығындары мен берешектерін субсидиялауға мүмкіндік беретін толықтыру енгізілген.

«Акцияларының жүз пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекетке тиесілі және бір мезгілде электр энергиясын, суды (дистиллятты) және жылуды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын (борыштарын) субсидиялау», – деп жазылған құжатта.

Құжатта жаңа талап Үкімет пен әкімдіктерге Премьер-Министр Олжас Бектеновтің 20 сәуірдегі тапсырмасы негізінде іске асырылатыны көрсетілген. Оған сәйкес Үкіметтің резервінен қаражат бөлу тетігін және жергiлiктi атқарушы органдар энергия өндiрушi ұйымдардың қарыздарын субсидиялау көзделген.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданылады. Осылайша Үкімет пен әкімдіктер өздерінің энергия өндіретін кәсіпорындарының шығыны мен қарызын өтей алады. Құжатты қоғамдық талқылау 16 мамырға дейін жалғасады.

Айта кететіні, 2024 жылға арналған республикалық бюджетте үкіметтің резерві 331 млрд теңге сомасында бекітілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет резервтерін пайдалану қағидаларын өзгерту ұсынылды.

2024 жылғы жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өтеу үшін ҚР Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервтері пайдаланылады. Бұл жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан келтірілген зардаптарды жою мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссияның хаттамасы не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы болған жағдайларда жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ел аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Үкіметінің резервтерінен ақша бөлу туралы өтінішхат ұсынады.