Ресейде адыраспан тасымалдаған екі азамат ұсталды: ІІМ көрші елде тыйым салынған шөпті тасымалдауда сақ болуға шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
Көрші елде адыраспан құрамында есірткісі бар, тыйым салынған өсімдікке жатқызылған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Ресей Федерациясының Қорған және Түмен облыстарында адыраспан шөбін тасымалдаған екі азамат ұсталды. Бұл жайлы сол өңірдің полиция басқармасы хабарлады.

Полиция қызметкерлері 17 сәуірде 51 жастағы әйелді анықтаған. Ол Ресейге Орталық Азия елдерінен кірген. Ал 24 сәуірде көрші мемлекеттің 37 жастағы азаматы басқарған DAF жүк көлігін тексеру кезінде 50 грамм адыраспан өсімдігі табылған.

«Ресей ІІМ «Петуховский» муниципалитетаралық басқармасының тергеушісі РФ Қылмыстық кодексінің 229.1-бабының 3-бөлігінде «Есірткі, психотроптық заттардың контрабандасы» тармағында көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады»,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ресейде адыраспан шөбі – құрамында есірткісі бар, психотроптық заттар немесе олардың прекурсорлары бар өсімдіктер қатарына жатқызылған. Тыйым салынған шөпті тасымалдағаны немесе пайдаланғаны үшін 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Осыған орай Қазақстан Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жариялады. Министрлік шетелге шығуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңнамасын сақтауға шақырды.

«Осы жылдың ақпан айынан бастап Қазақстанда «адыраспан» деген атпен белгілі гармала өсімдігі Ресей Федерациясында заңсыз айналымына тыйым салынған есірткі өсімдіктерінің тізіміне енді. Оны экспортағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл шөпті тасымалдағаны үшін 1 миллион рубльге дейін айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Бұл шөпті ірі көлемде тасымалдағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сол үшін шет елдерде тыйым салынған заттар тізіміне енуі мүмкін өсімдіктерді немесе дәрілік заттарды тасымалдау кезінде ерекше сақ болу керек»,- деп ескертті ІІМ.

Еске сала кетсек, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған. Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған.

Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасау үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған.

Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықтап, жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады. 

Сондай-ақ оқыңыз