Астананың делдалдығы туралы сөз жоқ: СІМ Алматыда өтетін Әзірбайжан мен Армения арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдірді

Жарияланды (жаңартылды )
Әзірбайжан мен Арменияның
Қазақстан Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы келіссөзде «good office» қызметін көрсетеді / коллаж kursiv.media (бильд-редактор: Денис Андреев)

Әзірбайжан мен Арменияның Алматыдағы кездесуі кезінде Қазақстан делдалдық қызмет атқармайды. Бұл жайлы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

СІМ өкілінің айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуға да, Ереванға да жақында жасаған сапарлары барысында екі ел арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті тез арада орнатудың маңызды екенін атап өткен. Онда мемлекет басшысы Қазақстанның келіссөздер алаңын ұсыну арқылы жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізген. Соған орай келіссөз алаңы Алматыдан ұсынылған.

«Расында, бұл келіссөздер Алматыда өтеді деп жоспарланып отыр. Біз Әзірбайжан мен Армениядағы әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы келіссөздер тек екі тарап арасында жүргізілетін болады. Мен мұнда Астананың делдалдығы туралы сөз жоқ екенін атап өткім келеді. Біз тек good office деп аталатын ізгі ниет қызметін көрсетеміз»,- деді Смадияров.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ереван Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен бейбіт келіссөздер жүргізу туралы ұсынысын қарастырып жатқаны туралы хабарланды.

Арменияның СІМ басшысы Ани Бадалян Ереванның Оңтүстік Кавказда берік бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған делдалдық күш-жігерін қолдап, келіссөздер платформасын қарастыратынын жеткізді. Сонымен бірге ол негізгі принциптер мен өзара келісілген құжаттарды, соның ішінде Армения мен Әзірбайжанның бір-бірінің аумақтық тұтастығын тану және 1991 жылғы Алматы декларациясы негізінде демаркация процесін қолдайтынын да атап өтті.

«Қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша Армения мен Әзірбайжан Сыртқы істер министрлерінің кездесуінің ықтимал күні туралы біз уағдаластыққа қол жеткізілген бойда хабарлаймыз», – деді Бадалян.

Оған дейін ресми Баку Әзірбайжан мен Армения СІМ басшыларының Қазақстандағы кездесуіне өз келісімін берген болатын.

Айта кетейік бүгінде екі ел арасында жағдай шиеленісіп тұр.  Былтыр Армения билігі Әзірбайжанға қарсы БҰҰ сотына шағым түсірді. Ереван Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты «нәсілдік кемсітуге» барды деп айыптады. Ереван билігі халықаралық ұйым саясатының асында Әзірбайжанға қатаң талап қоюды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз