Қазақстан Ауғанстанның кен орындарына барлау жүргізеді

Жарияланды
Ауғанстан
Қазақстан Ауғанстанмен геологиялық зерттеулерге қатысты тәжірибесімен бөліседі / Фото: Үкімет үйі

Қазақстан мен Ауғанстан бірігіп Геологиялық барлау жөніндегі техникалық комитет құрады. Осыған орай Ауғанстан Қазақстанға кен орындары белгіленген картасы мен зерттеулерін ұсынады. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин Ауғанстанға жұмыс сапармен барған. Онда премьер-министр Ауғанстанның мұнай және шахта министрі Шахабуддин Делавармен кездесіп, геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылаған.  

Ауғанстан аумағының пайдалы қазбаларды өндіруге орасан зор әлеуеті бар. Атап айтқанда, бұл елде мұнайдың, табиғи газдың, тас көмірдің, темір және түсті кеннің, сирек кездесетін металдардың бай қоры бар. 

Қазақстан мұнай мен газдың, қатты пайдалы қазбалардың айтарлықтай қорына ие бола отырып, көптеген жылдар бойы құрылыс-монтаждау жұмыстары, ұңғымаларды күрделі жөндеу, сараптама, зертханалық зерттеулер, сондай-ақ жобалау, инжиниринг және бұрғылау саласында шетелдік жеткізушілермен еркін бәсекелесе алатын мұнай сервисі және өндіруші компаниялардың кәсіби пулын қалыптастырған. Сол себепті Ауғанстанның кен байлықтарын игеруде Қазақстан өз тәжірибесімен бөліспек.

Оның үстіне бүгінде елде геологиялық барлауға қатысты жеке инвестициялар көлемі артқан. Мәселен, соңғы бес жылда қатты пайдалы қазбаларды барлауға инвестициялар 2,5 есе өскен. 2018 жылы бұл салаға 33,9 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 82 млрд теңгеге артып отыр.  

«Бірлескен жобаларды анықтау және оларды іске асыру үшін тараптар екі елдің мамандарынан техникалық комитет құруға келісті. Бастапқы кезеңде ауған тарапы Қазақстанға перспективалы кен орындары белгіленген карталар мен тиісті зерттеулерін береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Екі ел арасындағы келіссөздерге отандық ERG Exploration және Kazakhmys Barlau өкілдері де қатысқан.

ERG Exploration құрылтайшысы – KS HOLDING GROUP компаниясы. Ал KS HOLDING GROUP-қа кімнің иелік ететіні туралы ақпарат жоқ.

Kazakhmys Barlau компаниясы – «Қазақмыс корпорациясының» еншілес компаниясы.

Сондай-ақ Қазақстан Бейнеу терминалы арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыруды көздеп отыр. Терминалдың қуаттылығы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрама жем жөнелтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз