7 жасар Алиша Бисалиева шахматтан әлем чемпионы атанды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Астаналық Алиша Бисалиева Албанияның Дуррес қаласында 8 жасқа дейінгі рапид турнирінде жеңімпаз атанды. 2024 жылғы әлем чемпионатында алтын ұтып, қазақстандық шахматшылар арасында көш бастады.

26-28 сәуір күндері Адриатика теңізінің жағасында орналасқан Дуррес қаласында рапид және блиц түрлерінен кадеттердің әлем чемпионаты өтті (FIDE World Cadet Rapid & Blitz Championships 2024). Әлемнің 40-қа жуық елінен келген жасөспірімдер үш жас санаты бойынша сынға түсті.

«Біздің жас шахматшылар жоғары деңгейде өткен сайыстарда  жарқын жеңістерімен қуантып келеді. Рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатында алған алты медаль, оның ішінде бір алтын – ең алдымен, жаттықтырушылар құрамының, ата-аналардың және спортшылардың зор еңбегінің жемісі. Балалар Қазақстанның мақтанышы ғана емес, шахмат ойнауды енді бастаған жүздеген, мыңдаған құрбыларына тамаша үлгі», –  деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Бұл сайысқа Қазақстаннан 22 үміткер қатысты.  Астаналық Алиша Бисалиева 8 жасқа дейінгі рапид санатында бәрінен басым түссе, блицте күміс алды. Ақтөбелік құрдасы Нұрәлі Нұршин де блицтен екінші  орынға табан тіреді. Түркістандық Нұрислам Сұлтанхан(рапид, 8 жасқа дейін), ақтөбелік Ханзада Аманжол (рапи, 12 жасқа дейін) және астаналық Әлімжан Жауынбайға (блиц, 10 жасқа дейін) қола медаль бұйырды.

Сондай-ақ оқыңыз