Жаңалықтар

Ұлттық куәландырушы орталық жаңа мемлекетаралық криптографиялық стандартты және бір кілттен тұратын ЭЦҚ-ны қолданысқа енгізбек

Ұлттық куәландырушы орталық 2024 атқарылатын жұмыс жоспары жөнінде мәлім етті. Енді ЭЦҚ бір кілттен тұрады. Жеке және заңды тұлғаларға ҚР СТ МЕМСТ Р 34.10 – 2015 алгоритмі бойынша ЭЦҚ-ның бір кілті беріледі. Ол аутентификацияға және қол қою үшін де пайдаланылады.

Заңды тұлғаларға арналған ЭЦҚ кілттерінің «Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар қызметкер», «Кадр бөлімінің қызметкері» түрлерін тез табуға болатын тізімнен алып тасталынбақ.

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар мен криптографиялық талдау әдістері үздіксіз дамуда. Осыған байланысты ҚР ҰКО МЕМСТ-2015 жаңа мемлекетаралық криптографиялық стандартқа көшуді жоспарлап отыр.

Бұрын шығарылған барлық тіркеу куәлігі олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

«Жаңа МЕМСТ 2015 алгоритмін қолдау жаңартылған NCALayer арқылы қамтамасыз етіледі. Жаңа нұсқа шыққаннан кейін, қолданба автоматты түрде пайдаланушыға NCALayer жаңартуды ұсынады. Сондай-ақ aKEy, 2017 жылдан бастап шығарылған KAZTOKEN және eToken негізгі ақпарат тасымалдаушылары ҚР СТ МЕМСТ Р 34.10-2015-ті қолдайтынын хабарлаймыз. Қосымша ақпаратты аталған тасымалдаушыларды өндірушілерден сұрау қажет», – делінген ҰКО хабарламасында.

ЭЦҚ флеш-картамен берілмейді

Цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов электрондық цифрлық қолтаңбаны флеш-картада беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады. Қауіпсіздік шараларын күшейтпесе, азаматтардың жеке деректері қолды болуы мүмкін екенін ескертті.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биометриялық сәйкестендіру бойынша электронды цифрлы қолтаңба мен бұлтты ЭЦҚ-ның кілттерін алу алгоритмін әзірледі. Бұл жоба пилоттық режимде жүргізілмек.

ҰКО мәліметінше, ЭЦҚ-ны шет елдердегі ҚР елшіліктері мен консулдықтары арқылы алуға болады.  Аталған орталық шетел қалаларындағы 59 дипломатиялық өкілдігінің тізімін ұсынды. Бұл пилоттық жобаны Цифрлық даму министрлігі ҚР Сыртқы істер министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп іске асырды.

Резидент емес жеке тұлғаларға ЭЦҚ «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі. Ол үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге төлқұжаты, т. а. ә, қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы (құжаттарды орыс тілінде ұсыну жағдайларын қоспағанда) болуы керек. ЖСН болған жағдайда – ЖСН-ы бар және осы резидент еместің Қазақстан Республикасының аумағында тіркелгенін растайтын құжаттардың бірі болуы қажет.

Резидент емес заңды тұлғалар ЭЦҚ-ны алдын ала Қаржымин МКК сайтында тіркеліп және онлайн жолмен БСН-ды да Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінен рәсімдей алады. ҚР азаматтарының да ЭЦҚ-ны елшіліктер мен консулдықтардан алу мүмкіндігі бар.