Кәсіпкер әйелдерді қолдауға арналған «Үміт» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры Halyk Bank-ке 5,5 млрд теңге бөлді

Жарияланды (жаңартылды )
«Үміт» бағдарламасын жүзеге асыруға 10 млрд теңге бағытталды / shutterstock и freepik

«Үміт» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Halyk Bank 5,5 миллиард теңгені игеру жөнінде келісім жасасты. Жалпы бөлінген қаражаттың 55%-ы Halyk-қа бағытталған.  

Бағдарлама бойынша Қазақстанның іскер әйелдеріне 100 миллион теңгеге дейін несие  беріледі. Несиені 7 жылға дейін өтей алады. Жобаның бағытына қарай субсидиялау есебінен жылдық ставкасы 7% кредит беріледі. Несие инвестиция мен айналым қаражатын толықтыруға бағытталады.

Бөлінген қаражаттың 50%-ы шағын қалалар мен ауылдық елдімекендердегі шағын және ұсақ бизнесті қолдауға жұмсалады.

Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен қаржылық сауатты арттыруға арналған  тегін курстар жүргізіледі.

Кәсіпкер әйелдерді қолауға арналған «Үміт» бағдарламасы биыл іске қосылды. «Даму» қоры бағдарламаны жүзеге асыруға 10 млрд теңге қаражат бөлді.

«Даму» мәліметі бойынша жалпы қор қолдаған жобалардың 47%-ы – әйелдерге тиесілі. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері әйел кәсіпкерлердің 96 мың жобасын 2 893 млрд теңгеге қаржыландырды.

Halyk Bank әйелдер бизнесін дамытуға 2018 жылдан бері 6 млрд теңге бөлген.

Қазақстанда шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі – 49%. Заңды тұлғалардың 29%-ы әйелдер атына тіркелген. Шаруа қожалығын басқаратындардың 27%-ы нәзік қауымға тиесілі. Жеке кәсіпкерлердің 59%-ы – қыз-келіншектер.

Былтыр елімізде жалпы жеке кәсіпкерлер саны 24%-ға өскен. Олардың басым бөлігі Алматыда тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз