ChatGPT-ге арналған пайдалы промпттар

Жарияланды
Промпт деген не?/shutterstock

ChatGPT нейрон желісін пайдаланып үйрену оп-оңай. Ол үшін міндетті түрде техникалық білім керек емес. Бір меңгеріп алсаңыз, өміріңізді біршама жеңілдетуге көмектеседі. Бастысы, пайдалы промпт үлгілерін білсеңіз болғаны. Промпт деген — нейрон желісіне тапсырма ретінде беретін сұраныс. Kursiv Media тілшісі күнделікті қолданысқа керек болатын сұраныстарды тізіп шықты.

Нейрон желісі қазақша түсінеді. Әрине, өте жақсы меңгерген деп айта алмаймыз. Бірақ қарапайым да пайдалы промпттарды емін-еркін құрастыра бересіз. Бір жақсысы, жасанды интеллект бір сұранысты өңдеп жіберген соң диалогты әрмен қарай жалғастырып, әлденені қостырып, алып, дамытып, күрделендіре беруге болады. Яғни барынша сапалы генерация жасау үшін ыңғайға келтіре аласыз.

ChatGPT-ге арналған күнделікті промпттар

  • Күндік жоспар жасатуға болады. Жұмыстарыма үлгеру үшін жоспар құруға көмектес. Бүгін мына нәрселерді жасауым керек: [шаруаларыңызды тізіп шығыңыз].
  • Таңдауға көмектесе алады. Маған [№ 1 нұсқаны жазыңыз] мен [№ 2 нұсқа] екеуінің бірін таңдауға көмектес. Ол үшін мына екі нұсқаның артықшылықтары мен кемшіліктеріне анализ жасап шық.
  • Жаттығу схемаларын құрып береді. Енді бастаған адамға арналған 30 минуттық жаттығу жоспарын жасап бер. Менде [өзіңізде бар жабдықтарды тізіп шығыңыз] мынадай жабдықтар бар. Менің мақсатым мынадай: [жаттығу жасаудағы мақсатыңыз қандай екенін жазыңыз, бұлшықетпен жұмыс па, салмақ тастау ма]. 
  • Фильм, кітап, подкаст таңдауға көмектеседі. Мен [контент түрі мен жанры] [кітап оқу, фильм қарау, подкаст тыңдау — керегін таңдаңыз] келеді. Маған [мысал] ұнайды, ал [мысал] ұнамайды. Осы бағытқа ұқсас жаңа нәрсе айтып, кеңес берші.
  • Креативті дамытуға болады. Өнер, шығармашылықты онша түсінбеймін. Бірақ креатив ойланып үйрену үшін қатты қиын болмайтын бір хобби тапқым келеді. Маған бірнеше нұсқа ұсынып, ол үшін не керек екенін тізіп берші. 
  • Сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Жұмысқа тұрмақшы болсаңыз, сұхбаттасу процесіне дайындалсаңыз болады. Ол үшін тапсырманы былай беріңіз: [позиция] сұхбат болатындай симуляция жаса. Контекст мынадай: мен жұмыс іздеп жүрмін, сен компания өкілі ретінде менімен сұхбат өткізесің. Шын сұхбаттасуға барған кездегідей сұрақтар қой. Мен соған жауап беріп отырамын. Алдыңғы сұрағыңа жауап берген соң, келесі сұраққа көш.
  • Тамаққа қатысты кеңес береді. Ұнайтын тамақтарыңызға қарай тізім жасап беруге көмектеседі. Промпт мынадай: Сен біздің үйдегі аспаз боласың. Мен саған не жегім келетінін, қандай тамаққа аллергия барын айтамын. Сен соған қарап рецептілер ұсынасың. Жауаптың ішінде маған келетін тамақтар ғана болуы керек. Түсіндірме берудің қажеті жоқ. Бар болғаны рецепті мен тамақты қалай пісіру керегін ретімен жазып бер. Қалауым мынадай: [тамаққа қатысты қалауыңыз, жемейтін тамақтарыңыз]. –
  •  Дұрыс тамақтануға көшемін десеңіз. Тез дайындалатын пайдалы тамақтар рецетін тауып береді. Пайдалы өнімдерден тұратын, дайындауға көп уақыт кетпейтін тамақтардың рецетін тауып бер. Уақыты аз адамға, құны қатты қымбат шықпайтын тамақтардың рецептілері болсын. Бірінші сұранысым: түскі асқа ішуге жеңіл, пайдалы тамақ.  
  • Тамақтану жоспарын құрады. Сен менің жеке аспазым әрі нутрицологымсың. Ересек адамға бір аптаға арналған тамақтану жоспарын жасап бергеніңді қалаймын. Күнде таңғы ас, түскі ас, тіскебасар және кешкі ас жеп тұруым керек. Шамамен 2500 ккал болсын. Қалауым мен аллергиямды ескеруің керек. Қалауым мынадай: [тізіп шығыңыз]. 
  • Үйде бар азық-түліктен қандай тамақ жасауға болатынын тауып бере алады. Менде [ингредиенттер тізімі] бар. Осылардан түскі асқа не пісірсем болады? Дүкеннен барып ештеңе ала алмаймын. Тек осы өнімдерден тұратын тамақ тауып бер.
  • Азық-түлік тізімін құрып береді. Осы аптада мен [тамақтар тізімін жазыңыз] жасағалы жатырмын. Осыған сай келетін рецептілер тауып, алу керек азық-түлік тізімін жасап бер. Оны санаттарға бөл. Ішіне дәмдеуіштер, соустарды да қос. 

Қаражатқа қатысты промпттар

  • Ақша жинауды үйренуге болады. Айына [сома] ақша табамын. Содан ай сайын [сома] жинап отырғым келеді. Ай сайын төлейтін міндетті шығындарым —  [сома].  [Шығын түрін жазыңыз]-ден үнемдей алмаймын. Оған ай сайын [сома] кетеді. Тұрақты түрде ақша жинауға көмектесетін кеңестер тізімін дайындап бер. 
  • Бюджетті жоспарлай аласыз. Маған [мерзімін көрсетіңіз] ішінде ақша жинау үшін бюджетімді жоспарлауым керек. Мақсатым мынадай: [сипаттап беріңіз].
  • Қарыздан құтылуға көмектеседі. Қарыздарды азайту үшін стратегия құруым керек. Өзімнің жағдайыма қатысты контекст айтамын. Сен маған жасау керек амалдар жоспарын дайындап бер. Айлық табысым — [сома]. Қазіргі қарызымның көлемі — [сома]. Ай сайынғы міндетті шығындарым — [сома]. Өзге де шығындарым — [сома].
  • Қор жинауды үйретеді. Алда болып қалуы мүмкін форс-мажорларда қиналып қалмас үшін қор жинауы керек. Соны есептеуге көмектес. Сосын [мерзім] ішінде сол мақсатқа жетуіме көмектесетін жоспар дайында. Есептеп, жоспарлауға керек мәліметтер алу үшін маған кез келген сұрақ қоя берсең болады. 
  • Қаржы құралдарын түсіндіреді. Мен кредит картасын рәсімдесем деймін. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін онша түсінбеймін. Баланың өзіне түсінікті болатындай жеңіл тілмен түсіндіріп бер. Сосын менің білуім керек басты терминдерді сипаттап шық.
  • Кіріс пен шығындар кестесін дайындайды. Мен тапқан табысым мен кететін шығындарымды басқарып үйренгім келеді. Қажетімді ескере отырып, бюджет жүргізуге көмектесетін кесте дайындап бер. Оның ішінде мыналар болсын: табыс көзі [тізіп шығыңыз] мен шығындар [тізіп шығыңыз].

Саяхатқа керек болатын сұраныстар

  • Шабадан жинауға көмектеседі. Мен [мерзім] уақытқа [баратын жеріңіз] бара жатырмы. Маған осы күндері [ауа-райы, температура, жаңбыр, қар сияқты жағдайды көрсетіңіз] болатынын ескеріп, қажет болатын заттар тізімін дайындап бер. Мен [көлік түрі] барамын. Өзіммен бірге [жүкке қатысты қандай шектеу барын жазыңыз, қанша сөмке, қанша келі] ала аламын. Киім мен тазалыққа керек заттардан бөлек, міндетті түрде қажет болатын құжат, ақша, техника сияқты дүниелерді де ұмытпа. 
  • Сапар бюджетін жоспарлап береді. Мен [мерзімі] [баратын жеріңіз] бара жатырмын. Маған санаттар бойынша сапарға кететін бюджетті есептеуге көмектес. Мен максимум [сома] жұмсай аламын. Қалауым мен бюджетіме сүйене отырып кесте дайындап бер. Сонымен бірге жолда үнемдеуге көмектесетін кеңестер қос.
  • Демалысқа қашан шығуға болатынын сұрасаңыз болады. Мен [қала] демалысқа барсам деймін. Көп турист баратын кезге тап болғым келмейді. Саяхатқа шығуға ең қолайлы кезді айтып бер. Сонымен бірге күн суықтау кезде қай жерлерге баруға болатынын тізім қылып дайында. Мен [қызығушылыңызды жазыңыз. Мысалы балық аулақ дегендей] жақсы көремін. Сапар [күн саны] күн жалғасады.
  • Туристерге арналған маршрут құрып береді. Мен [мерзім] [ел] бара жатырмын. Мына жерден [қайдан шығатыныңызды жазыңыз] шығамын. Барынша [не көргіңіз келетінін тізіп шығыңыз] көрсем деймін. Қызығушылықтарымды [тізіп шығыңыз] ескере отырып оңтайлы маршрут құрып бер. [мезгіл] [қандай көлікпен шығасыз] шығамын деп отырмын. 
  • Гид қызметін көрсетді. Өзіңді туризм экспертімін деп елестет. Мен сенің клиентіңмін. [қала] жерге [ай не маусымды жазыңыз] [локацияларды тізіңіз] барғым келеді. Сапарды [күн] [қай жерден шығасыз] бастаймын да, [қала] мына жерден аяқтаймын. Осы аралықта қайда барып, не көрсем болады — тізім дайындап бер. 
  • Үй табуға көмектеседі. Мен [қала] [ай не маусым] баруды жоспарлап отырмын. Баспанаға күніне [сома] қаражатым бар. Маған осы бюджетке сай келетін қонақүйлер мен Airbnb-де жалға берілетін пәтер тізімін жасап бер.  

Контентмейкерлерге керек промпттар

  • Контент-жоспар дайындайды. Өзіңді тәжірибелі контентмейкер сияқты ұста. Әлеуметтік желілерге арналған [компания, блог] атынан [тақырып] туралы жазбалар жоспарын жасап бер. 
  • Гайд жазып береді. Өзіңді аудиторияға жаңа нәрсе үйрететін мықты экспертпін деп есепте. [тапсырма] істеу үшін толық әрі түсінікті нұсқаулық жасап бер.
  • Тақырыпқа сай посттар жазады. Өзіңді креатив автормын деп ойла. [тақырып] туралы блогқа арналған жазба жазып бер. 
  • Жарнама ролигіне арналған сценарий құрады. Сен — жарнама саласындағы экспертсің. YouTube-ке арналған екі минуттық видеоға сценарий жазуың керек. [тауар, қызмет, функция] жарнамалайсың. Өнімді жақсырақ түсіну үшін кез келген сұрақ қоя бер.
  • Кейс-стади жазады. Сен — креатив агенттікте істейтін тәжірибелі мамансың. [кейстің жалпы сипаттамасы] туралы кейс-стади жазып бер. Бірінші құрылымын жаса. Тапсырма мен кейсті жақсырақ түсіну үшін сұрақ қойып отырсаң болады.
  • Мәтінді SEO-ға сай оңтайландырып береді. [тақырып] туралы ұзақтығы 90 символдан аспайтын 10 мақалаға тақырып тауып бер.

Оқуға керек сұраныстар

  • Жаңа тақырыпты түсіндіреді. Өзіңді мұғаліммін деп есепте. [тақырып] маған жеңіл әрі түсінікті тілде түсіндіріп бер. Одан соң [сұрақ саны] сұрақтан тұратын тест жасап бер. Бірақ жауабын көрсетпе. Жауап берген соң дұрыс па, қате ме айтасың.
  • Материалды меңгеруге көмектеседі. Емтиханға дайындалған кезде есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектесетін 10 тәсіл тауып бер.
  • Терминдердің мағынасын тауып береді. Өзіңді бастауыш сыныпта сабақ беретін мұғаліммін деп есепте. Маған [тақырып] туралы жеті жасар бала да түсінетіндей етіп түсіндір. Тақырыпқа қатысты терминдерді айтып, әрқайсысын жеке түсіндіріп шық.
  • Есеп шығаруға көмектеседі. [есеп түрі] шешу үлгісін көрсет.
  • Үй жұмысын тексереді. Жазған шығармамды тексеріп шық. Ішінде грамматикалық, басқа да қателер бар ма — тексеріп бер. Қате болса, түзеп қайта жазып бер. Шығарма жазу стилін өзгертпе, жаңа абзацтар қоспа.
  • Тіл үйренуге көмектеседі. Жаңа сөздер жаттағыңыз келсе, [тақырып] [тіл] сөздер тізімін дайындап бер.
  • Тіл үйренгенде жаттығуға көмектеседі. Мен қазір саған бірнеше сөз жіберемін. Жаңа үйренген сөздерімді қалай жаттағанымды тексергім келеді. Ол үшін жіберген сөздерімді бір-бірден [1-тіл] жібер. Мен [2-тіл] жауап беріп отырамын. Қателессем, жауабын айтпа. Бірақ көмектесетін сөздер айтып, сұрақты қайта қой.
  • Сөздердің мағынасын үйретеді. Маған [сөз не фразалар] [тіл] қалай аударуға болатынын бірнеше нұсқада ұсын. Мағынасында қандай айырмашылық барын түсіндір.
  • Сөйлесуге болады. Мен [тіл] үйренгім келеді. Сол үшін сен менің сол тілде сөйлейтін досым бол. Менімен тек [тіл] сөйлес. Жауаптарың тым ұазқ болмасын. Әрі кетсе 50 сөзден тұрсын. Сұрақтар қойып отыр. Алдымен [тақырып] бастайық.
Сондай-ақ оқыңыз