Сот журналист Асхат Ниязовтың үстінен қозғалған «Жала жабу» бабы бойынша істі тоқтатты

Жарияланды (жаңартылды )
Судья істе «құқық бұзушылық құрам жоқ» деп тапты / Фото: DOPE SOZ подкастынан кадр

 «Обажаю» YouTube арнасының авторы, журналист Асхат Ниязовтың үстінен «Жала жабу» бабы бойынша қозғалған әкімшілік істің сот процесі тоқтады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің шағымынан кейін іс сотқа жіберілген еді. Алайда Астана қаласы әкімшілік сотының судьясы құқық бұзушылық белгілерінің жоқтығына байланысты істі тоқтату туралы шешім қабылдады.

Адвокат Әсел Тоқаеваның айтуынша, бұл істе «жала жабу» және «жалған ақпарат тарату» сияқты баптар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық болмаған.

Бұған дейін Асхат Ниязов ҚР СІМ-нің «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін аккредиттеуден бас тартқаны туралы ақпаратпен бөліскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін хабарлаған едік. Оған ҚР ӘҚБтК-нің «жала жабу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Хаттамаға сәйкес, Ниязов өзінің telegram арнасында «Азаттық» радиосының журналистері аккредитация ала алмағаны туралы ақпаратты жариялаған. Алайда 2024 жылы 1 ақпанда бұл ақпарат ресми түрде жоққа шығарылған.

«Қаңтар айының соңында ProTenge «Азаттық» аккредитация ала алмады деп жазды. Мен оны telegram арнамда бөлістім. Міне осы үшін (хаттама толтырылды -ред.) Бірақ ProTenge-ге бір рет те хабарласпаған», – деді Асхат Ниязов.

ProTenge телеграм-арнасы қаңтар айында басылымның 36 журналисін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аккредиттеуден бас тартқан кезде Азаттықтағы әріптестеріне қолдау білдірген жазба жариялады. Ниязов бұл жазбаны қайта жариялады.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ProTenge Telegram-арнасының бас редакторы Жәмила Маричева мен журналист Асхат Ниязовқа қатысты іс туралы түсініктеме берді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті шегінде медиа-кеңістікте мониторинг жүргізу барысында «ProTenge» телеграм-арнасында ақпарат таралу фактісін анықтады (оны А.Ниязов репост жасаған). Алайда кейін оны мемлекеттік органдар теріске шығарды. Бұл материал дәйексіз деп танылуы мүмкін басқа материалдармен бірге бағалау және тиісті әрекет ету үшін ішкі істер органдарына жіберілді», – делінген министрдің Facebook-тегі жазбасында.

Сондай-ақ оқыңыз