Лаврентьевтің Qarmet-ке 33 миллиардтан астам инвестиция құю туралы уәдесі: бұл ақша қайда жұмсалады?

Жарияланды
Министр инвестициялар бірнеше бағыт бойынша бөлінетінін мәлімдеді / Фото: архив kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Qarmet АҚ-ның жаңа инвесторы Андрей Лаврентьевтің инвестиция салу туралы уәдесі қалай орындалып жатқанын айтты.

Мәжілістегі Үкімет сағатында Қарағандыдағы шахталардың мәселесін көтерген депутат Анас Баққожаев ArcelorMittal АҚ-ның (қазіргі Qarmet) өзгергеніне бүкіл халық қуанғанын еске салды. 

«Себебі көптеген цех енді металдың сапасы түзеледі, оның бағасы жақсарады, біз әртүрлі бұйым шығарамыз деп ойлады. Ауыл шаруашылығын айтсақ, оның ішінде тамшылап суаруды қолға алған қаншама цехтар бар. Міне, осы кәсіпорын – біздің экономикамызға ең үлкен ықпал ететін кәсіпорын. Миттал мырза соның барлық рәсуасын шығарып кетті. Енді жаңа инвестор пайда болды, Лаврентьев мырза. Сол Лаврентьев мырза 3,5 млрд доллар құямын деді. 2024 жылы ол 1,13 млрд доллар құямын деді. Міне, мамыр айы болды»,- деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына жауап берген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қомақты қаржы бөлінгенін, жұмыс істеліп жатқанын мәлім етті.

«Қарағандыдағы темір өндіретін кәсіпорында (Qarmet АҚ-да) 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бұл – экономикаға нақты әсер ететін кәсіпорын. Ең алдымен (Qarmet АҚ директорлар кеңесінің төрағасы) Андрей Лаврентьев 33,5 млрд теңге инвестиция саламын деп уәде берді. Бұл қаржыны қайда бағыттаймыз?  Біріншіден, экологияға байланысты. Мысалы, қазір ондағы домна пеші тек көмірмен жұмыс істейді. Оны газға айырбастауға болады. Келесі  жылы осы жұмысты аяқтаймыз. Бұл экологияға жақсы әсер етеді. Себебі көмірді пайдалану азаяды. Екіншіден, қазіргі таңда (кәсіпорында) тауардың линейкасы өте аз. Оны арттыруымыз керек. Инвестиция осы мақсатқа бағытталады. Үшіншіден, біз болаттың арнайы маркасын басқа елдерден экспорттап жатырмыз. Келешекте Qarmet осы болатты өзі өндіреді. Осындай жоспарымыз бар. Инвестиция осы бағытқа бөлінеді, – деді министр.

Сондай-ақ министр бүгінде кеншілердің жалақысы көтерілгенін және өндірілетін өнім көлемі өсіп жатқанын мәлімдеді. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнімнің көлемі біршама артқан.

Еске салайық бұған дейін Qarmet зауытын сатып алуға қатысқан мемлекеттік қордың пайдасы үш есе қысқарғаны туралы хабарлаған едік. Qarmet (бұрынғы ArcelorMittal Temirtau) активтері бизнесмен және Allur Auto компаниясының иесі Андрей Лаврентьевке сатылғанға дейін берілген Qazaqstan Investment Corporation (QIC) мемлекеттік қорының таза пайдасы 2,7 есеге, 3,8 миллиард теңгеге дейін қысқарды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған қордың қаржылық есебінде жазылған.

ArcelorMittal-дан Qarmet-ке дейін

Өткен жылы Үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі ArcelorMittal Индустрия және құрылыс министрлігінің араласуымен қазақстандық активтерін QIC компаниясына берді. Желтоқсан айының басында ArcelorMittal Temirtau бойынша мәміле аяқталды. Үкімет зауытты 286 миллион долларға сатып алды. Жаңа инвестор қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев болатын.

Мемлекет басшысы қазан айының соңында АМТ көмір шахталарының бірінде орын алған кезекті апаттан кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бұл зардап шеккендердің саны бойынша зауыт тарихындағы ең ірі апат болды. Шахтадағы өрт пен одан кейінгі жарылыс салдарынан 46 кенші қаза тапты.

Естеріңізге саламыз, 2022 жылы қараша айының басында  «АрселорМиттал Теміртау» шахталарының бірінде газ апаты болып, салдарынан 5 адам қаза тапқан еді.

Аталған компанияның шахталарында 2006 жылдан бері 20-дан аса апат болған. 

Сондай-ақ оқыңыз