Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтарды соғысқа қатысуға тартып жатыр ма? СІМ жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар соғысқа қатысқан жоқ / Коллаж: архив kursiv.media

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей абақтысына қамалған Қазақстан азаматтарын Укаринадағы соғысқа қатысуға үгіттеп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі ведомство өкіліне  сауал жолдады.

«ҚР Бас прокуратурасына бір топ ата-ана келіп, шағым қалдырған. Олар ұлдарының Ресей түрмелерінде жатқанын айтты. Олардың үстінен нашақорлық бойынша (қылмыстық) іс қозғалған. Осылайша олар қамауда отыр. Ата-аналар Ресей тарапы балаларын соғысқа үндеп жатқанын айтады. Сондай-ақ биліктен балаларының үстінен қозғалған істерді Қазақстанға әкеліп қарауды сұрайды. Кейінгі уақытта осындай ата-аналардың көбейгені байқалады. Екі жылда 100-ге тарта адам осындай іспен қамауға алынған. Министрлік жағдайға түсінік бере ала ма?«, – деп сұрады БАҚ өкілі Айбек Смадияровтан.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров 100-ге тарта адамның аталған іс бойынша қамалғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. 

«Бұл әрі кетсе 10-нан аспайды. Бұл фактінің бәрін білеміз. Ол азаматтар жұмысты Telegram арналардан немесе әлеуметтік желіден тапқан. Олар қайда баратынын, не істейтінін білген. Туыстарымен (Ресейдегі) біздің консулдар байланысты. Бірнеше рет барып олармен кездесіп келді. РФ Сыртқы істер министрлігі, жергілікті билікпен байланыстамыз», – деді Айбек Смадияров.

Смадияров Ресей түрмелерінде отырған Қазақстанның бірде-бір азаматы Украинадағы соғысқа жіберілмегенін айтты.

«Оны 100 пайыз растай аламыз. Сондықтан бұл тек шу көтеріп, (балаларды) елге қайтарып алу. Егер адам заңды басқа елде бұзса, сол елдің заңымен жауап беруі керек. Сот үкімі шығып, жаза тағайындалса ғана прокуратура іске кірісіп, (Қазақстанға – автор) жазасын өтеуге ғана айырбастай алады. Біздің сотпен оларды соттай алмаймыз», – деп түсіндірді Смадияров баспасөз мәслихаты барысында.

Айбек Смадияров Қазақстан азаматтарын сақ болуға шақырды.

«Әлеуметтік желіде немесе Telegram-дағы арналарда Ресейде жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп жатса, оны мұқият тексеріңіздер. Қауіпсіздікті ойлаңыздар», – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейдің арнайы операциясы басталған кезде Украинадан елге жеткізілген қазақстандықтар сол елге қайтып оралғаны туралы хабарлған едік.

Айбек Смадияровтың айтуынша, елге жеткізілген біраз қазақстандық қақтығыстың ушығып тұрғанын біле тұра, Украинаға қайтып оралуды жөн санаған.

«Өзеріңіз білетіндей соғыс жаңа басталған кезде азаматтарымызды бірнеше рейспен сол жақтан эвакуация жасаған болатынбыз. Бірақ соның жартысына жуығы қайтадан Украинаға қайтып кетті. Енді қазір олардың өміріне қауіп төніп тұр ма жоқ па оны білмейміз. Өйткені соғыс болып жатқанын олар бізден жақсы біледі. Әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Бірақ елшіліктің міндеті – біздің елдің азаматы хабарласса, міндетті түрде оларға көмектесу. Қазір қанша қазақстандық барын нақты білмейміз. Тек елшілікпен кім байланыста болады, солармен ғана байланыс ұстаймыз. Соғыс болып жатқандықтан кейбір жерде байланыс жоқ», – деді СІМ ресми өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз