Атырау соты Құлыбаевтың компаниясына 1 млрд доллардан астам айыппұл салды

Жарияланды (жаңартылды )
Атырау соты Құлыбаевтың компаниясына 1 млрд доллардан астам айыппұл салды
Айыппұл мұнай газы нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін салынды / Фото: gov.kz, бильд-редактор Денис Андреев

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қызметіне тергеу жүргізді. Нәтижесінде компанияның нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдалағаны анықталған.

«Монополиялық жоғары бағаларды белгілеу арқылы сұйытылған мұнай газы нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланудан тұратын бәсекелестікті қорғау туралы Заңнаманы бұзу анықталды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен Серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тартты», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Осылайша ЖШС-ге 955 млн теңгеден астам көлемде монополиялық табыс тәркіленді және 162 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының апелляциялық сатысы Серіктестіктің шағымын қабылдамай, бірінші сатыдағы шешімді растады. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Айта кететіні, eGov порталында ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің» құрылтайшылары Joint Technologies , Атырау мұнай өңдеу зауыты және «КӨКСЕҢГІР» компаниясы. Joint Technologies өз кезегінде Раушан Сағдиева мен Тимур Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» компаниясына тиесілі.

Былтырғы қарашада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталған компанияға 324 млн теңге айыппұл салған. Ол кезде компания нарықта монополия орнатып, нарыққа басқа субъектілердің кіруіне кедергі келтіріп келген.

Сондай-ақ оқыңыз