Президент Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинді қызметінен босатты

Жарияланды (жаңартылды )
Президент Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинді қызметінен босатты / gov.kz, бильд-редактор Денис Андреев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қызметінен босатты.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Айта кетейік, Бағдат Мусин Цифрлық даму министрлігін 2020 жылдың қыркүйегінен бастап басқарған. Оған дейін осы министрдің орынбасары, президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2023 желтоқсан айында Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің министр қызметінен кетіп, «Қазақтелеком» компаниясына қызметке ауысуы мүмкін екендігін туралы ақпарат тараған. Ақпаратты министрліктің баспасөз хатшысы жоққа шығарған.

«Әлеуметтік желілерде министр Бағдат Мусиннің басқа қызметке ауысатыны туралы жарияланымдарға қатысты мынаны хабарлаймыз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бүгінгі күні өз қызметін жалғастыруда. Таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды»,– делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін Бағдат Мусин министрліктің құзыретіне тарифтерді реттеу жұмыстары кірмейтінін мәлімдеген еді.

Қандай нарықта тарифтер басқарылуы керектігі айтылған арнайы заң бар. БҚДА қайтадан тарифтердің мемлекеттік басқаруға өткізу туралы ұсыныс жасады. Егер БҚДА солай жасаған дұрыс деп санаса, біз бұл жағдайды талдап, қарастыратын боламыз. Дұрыс айтасыздар, ашық, таза бәсекелестік болуы керек. Тек әділ бәсекелестік қана әділ баға қоюға мүмкіндік береді», – деген еді министр.

Дегенмен ол байланыс операторларын қазақстандықтарды ықтимал ақаулар туралы ескертуге міндеттейтін заңнамаға түзету енгізу қажет екенін айтқан болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз