Жаңалықтар

Салынып біткеннен кейін Қырғызстан сатып алатын Қамбарата ГЭС-1 құрылысын Қазақстан қаржыландырады

Салынып біткеннен кейін Қырғызстан сатып алатын Қамбарата ГЭС-1 құрылысын Қазақстан қаржыландырады / коллаж kursiv.media (24KG), бильд-редактор: Артур Алескеров

Салынып біткеннен кейін Қырғызстан сатып алатын Қамбарата ГЭС-1 құрылысын Қазақстан Өзбекстанмен бірге қаржыландырады. Бұл туралы Қазақстан Энергетика министрлігінің «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазылған.

«Қамбарата ГЭС – 1 жобасы құрылыс, пайдалану және қарыз қаражатын қайтару кезеңдері аяқталғаннан кейін Қамбарата ГЭС – 1 акциялары мен активтерін Қырғыз Республикасы толығымен сатып алатын болады», – делінген жауапта.

2021 жылғы 13 желтоқсанда Бішкек қаласында өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілдерінің келіссөздеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының үлестік қатысуы 33%-ды құрайтын акционерлік қоғам (бұдан әрі – Қоғам) құрылатын болып келісілген. Яғни ресми орган жауабына сүйенсек, бұл үлесті құрылыс аяқталып, оны салу жұмсалған қарыз қаражат қайтарылғаннан кейін қырғыз тарапы сатып алуы тиіс. 

Бұдан бөлек, министрлік электр станциясының құрылысын қаржыландыруға құрылған қоғам құрылтайшыларының меншікті қаражаты, Қоғам тартатын халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктердің қарыз және гранттық қаражаты жұмсалатынын атап өткен.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтері Қырғызстандағы Нарын өзенінде Қамбарата су электр станциясын (ГЭС-1) салу туралы келісім жасайды.

«Келісімнің мақсаты Қырғыз Республикасындағы Нарын өзенінде Қамбар ата ГЭС-1 салу жобасын іске асыру және одан әрі пайдалану шеңберінде тараптар арасындағы ынтымақтастық шарттарын айқындау», – делінген Қазақстан Энергетика министрлігі жариялаған «Ашық НҚА» жүйесіндегі құжатта.

Тараптар Қырғызстан заңнамасына сәйкес осы ел аумағында жеке акционерлік қоғам құрады. Ол Қырғызстанға – 34%, Қазақстанға және Өзбекстанға – 33%-дан тиесілі болады. Компанияның құрылтайшысы әр тарапты дербес анықтайды.

Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы Қамбарата ГЭС-1 құрылысына 500 миллион доллар бөлуге дайын. Бұл туралы 5 наурызда елдің энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлімдеген.

«Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасы бойынша Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан энергетика министрліктерінің үшжақты кездесуі өткен. Кездесу аясында жобаның «Жол картасын» іске асыру барысы талқыланды, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бойынша құжат жобасы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша жобаны іске асыруға дайындаудың негізгі кезеңдері келісіліп, тараптар наурыз айында кездесуі керек болған.