Атырау облысында су тасқынына байланысты 2 мыңнан аса адам кредиттік төлемін кейінге шегеруді сұрап отыр

Жарияланды
Атырау облысында су тасқынына байланысты 2 мыңнан аса адам кредиттік
Кредиттік төлемін шегеруді сұрағандар тізімі екінші деңгейлі банктерге жолданған / Коллаж: kursiv.media

Атырау облысында су тасқынына байланысты 2 мыңнан аса адам кредиттік төлемін кейінге шегеруді сұрап отыр. Олардың тізімі екінші деңгейлі банктерге жолданған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев айтты.

 «Облыста су тасқынынан қырылған мал шығынын өтеуге өтініштерді тіркеу жалғасуда. Соңғы төрт күнде шаруа қожалықтарынан 74 өтініш келіп түскен. 29 сәуірдегі жағдай бойынша 3878 өтініш қабылданып, зардап шеккен 3600 отбасына біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Әкімдік несие бойынша төлемдерді кейінге шегерген тұрғындарды тіркеуде. Мұндай 2395 адам тіркелді, олардың деректері екінші деңгейлі банктерге жолданды», – деді спикер.

Спикердің сөзінше, Атырауды судан қорғау жұмыстарына 12,5 мың адам мен 200-ге жуық техника жұмылдырылған. Жайық өзеніндегі оның деңгейі гидрологиялық мәліметтер бойынша орта есеппен тәулігіне 4-тен 25 см-ге дейін жоғары. Бөгет құрылысы 97,5%-ға аяқталды.

Еске сала кетсек, Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтерілді. БҚО-да су тасқыны кезеңінде жалпы облыс бойынша 14 001 адам эвакуацияланды.

28 сәуір сағат 8:00-дегі жағдай бойынша Жайық өзені – Индербор кентіндегі су бекетіндегі деңгей 645 см (+19 см-ға көтерілді), Махамбет кентінде 743 см (+ 8 см), Атырау қаласында 434 см (+ 3 см) болды.

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуін Атырау облысы айрықша бақылауға алып, мониторинг жалғасуда. Атырау облысы әкімдігінің мәліметі бойынша Ақсай, Ақсай, Көктем ауылдарындағы бөгетті нығайту жұмысы аяқталып қалды. Жайық-Каспий арнасы тереңдетілуде.

Сондай-ақ оқыңыз