Мамыр айының басы жаңбырлы болады, Қазақстанның кейбір өңірлерінде қар түсуі мүмкін – «Қазгидромет»

Жарияланды
Солтүстік және шығыс өңірлерде қатты жел соғып, қар түсуі мүмкін / Фото: shutterstock

Мамыр айының басында Қазақстанның кейбір өңірлерінде қар түсуі мүмкін. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазгидромет» РМК баспаcөз хатшысы Алина Исмагулова айтты.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 1-2 мамырда елдің бірқатар өңірлерінде жауын-шашын мол түсіп, мұның арты түнге қарай қарға ұласуы мүмкін. Кей өңірлерде бұршақ жауады деген болжам бар.

Ауа райының бұлайша құбылуына Скандинавия аймақтарынан келетін салқын антициклон әсер етеді. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда ауа температурасы түнде 5 градусқа дейін жылы болады. Кейін суық фронт біртіндеп еліміздің оңтүстік аймақтарына қарай жылжып, онда ауа температурасы түнде 2-7 градус жылы.

«Республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен жауын-шашынды ауа райы күтіледі, 1-2 мамырда еліміздің солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында қатты жауын-шашын болады, түнгі уақыттарда жаңбырдың арты қарға ұласуы ықтимал, найзағай, еліміздің оңтүстік-шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша екпінді жел күшейеді, түнде солтүстік, шығыс өңірлерде тұман болады деп болжануда»,– дейді «Қазгидромет» баспасөз хатшысы.

«Қазгидромет» 30 сәуір мен 4 мамыр аралығында жауын-шашынның көп болуына байланысты Шығыс Қазақстан облысында өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Су деңгейі қауіпті деңгейден асып, кішігірім өзендер мен бұлақтардың, уақытша арналардың сулылығы арту күтіледі.

Еске сала кетсек, ақпан айында «Қазгидромет» көктемнің жылы әрі жаңбырлы болатынын болжаған. Болжамға сәйкес, солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасының күндіз 2-7°С дейін жоғарылауы болжанады. Ал көктемдегідей жылы ауа райы тек айдың үшінші онкүндігіне қарай орнайды. Бұл кездері күндізгі уақытта термометрлердің бағандары 5-15°С дейін көтерілуі мүмкін екені айтылды.

Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын мен жылбысқы қар көп болатыны айтылған. Бұл өңірлерде ауа температурасы түнде +3+8°С дейін, күндіз +10+18°С дейін ауытқуы мүмкін екені айтылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз