АҚШ-тың Ресей уранынан бас тартуы «Қазатомөнеркәсіп» жұмысына әсер етуі мүмкін бе – компания жауабы

Жарияланды
АҚШ-тың Ресей уранына бас тартуы Қазақстандағы уран өндірісіне еш әсер етпейді / Фото: kursiv.media

Осыдан он күн бұрын Америка Құрама Штаттарының ядролық реакторлар үшін алғашқы 90 кг байытылған уран өндіргені хабарланды. Бұл жайлы АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеді.

«Бүгін мен Огайоның оңтүстігіндегі зауытта Америкада алғаш өндірілген қуатты байытылған уранның алғашқы 200 фунты (90 кг жуық) өндірілгенін хабарлаймын. Ол зауыт жыл соңына дейін бұл елдегі 100 мың үйді электрмен қамти алады», – деді АҚШ президенті.

Сонымен бірге Байден өз әкімшілігінің уран импортына тәуелділікті азайту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ-та «жетілдірілген ядролық отын өндірісін» дамытуға 3,4 миллиард доллар инвестицияланбақ.

АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, Ресей АҚШ-қа шамамен 1,2 миллиард долларға уран экспорттаған. Бұл 2009 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш саналады. Financial Times газетінің хабарлауынша, АҚШ Ресейден уран импорттауға 2024 жылы тыйым салуы мүмкін.

«Қазатомөнеркәсіп» жауабы

Бұл жағдай Қазақстандағы уран өндірісіне қалай әсер етеді? Себебі «Росатомның» «Қазатомөнеркәсіппен» бірлескен алты кәсіпорны бар. Оның үстіне көрші ел Түркістан облысындағы «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 49 пайыз акциясын сатып алған. Сол себепті де бұл тыйымның Қазақстандағы уран өндірісіне әсер етуі әбден мүмкін. Санкция салынса, елдегі уран өндірісі әлсіреуі мүмкін бе? Осыны білу үшін «Курсив» «Қазатомөнеркәсіпке» бірнеше сауал жіберді. Компания бұл тыйымның 2024 жылдан емес, 2028 жылға қарай күшіне енуі мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ санкциялардың «Қазатомөнеркәсіп» жұмысына еш кедергі болмайтынын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта АҚШ Сенатында 2028 жылдың басынан бастап ресейлік байытылған уран өнімдерін импорттауға тыйым салатын H. R. 1042 заң жобасы қаралуда. Егер ол мақұлданса, бұл «Қазатомөнеркәсіпке» ешқандай әсер етпеуі керек. «Қазатомөнеркәсіптің» негізгі қызметі – табиғи уран өндіру. «Қазатомөнеркәсіп» немесе оның бірлескен кәсіпорындарының серіктестері тарапынан табиғи уран жеткізіле ме, жоқ па, табиғи уран конверсиялық кәсіпорындарға жеткізілгенге дейін өзінің қазақстандық шығу тегін сақтайды»,– делінген компания жауабында.

Компания мәліметінше, Қазақстан ураны қашан да сұранысқа ие. Мәселен 2023 жылы Қазатомөнеркәсіп 9 елдегі 23 сатып алушыға уран өнімін сатқан. Ол елдердің ішінде АҚШ, Франция, Канада және көрші елдер Ресей мен Қытай бар. Компания бұл бағытта экспортын әртараптандыруды көздеп отыр.

«Біздің компанияның стратегиялық көзқарасы – жаһандық атом өнеркәсібі үшін таңдаулы серіктес болу. Компания жыл сайын география мен сату портфелін кеңейтуге тырысады. Нақты жеткізу тұрғысынан Қазақстаннан уран экспортының негізгі бағыттары – Қытай, Ресей, АҚШ, Канада және Франция елдері. Аталған елдерге экспорттау оларда уранды қайта бөлудің келесі кезеңі – конверсиялау кәсіпорындарының болуына байланысты. Компания конверсиялық кәсіпорындарға өз клиенттерінің – бүкіл әлемде орналасқан энергокомпаниялардың тиісті сұраныстарына сәйкес жеткізуді жүзеге асырады», – деп хабарлайды компания.

Сонымен бірге «Қазатомөнеркәсіптің» бұл бағатыттардан бөлек Үндістанда, Румынияда және Аргентинада сатып алушылары бар.

Күкірт мәселесі

Десе де, елдегі уран өндірісіне қажетті элемент күкірт тапшылығы пайда бола бастады. Бұл тапшылық компанияны да айналып өтпеді. Осыған орай қаңтарда «Қазатомөнеркәсіп» АҚ 2024 жылға арналған өндірістік жоспарына өзгеріс енгізгенін хабарлады. Оған – уран өндіруге қажетті күкірт қышқылына қол жеткізудің күрделенгені себеп болып отырғаны айтылды. Жаһандық жеткізілім қиындықтарына, атап айтқанда, күкірт қышқылының тапшылығына байланысты жоспарды орындау қиынға соғуы мүмкін. Біз осы мәселенің қалай шешілгенін компаниядан сұрап көрдік.

Компания кәсіпорындардың қажетті көлемде күкірт қышқылымен қамтамасыз етілгенін, оның көлемі тек минус 20% шамасында қысқарғанын мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда Компания 2024 жылға арналған өндірістік жоспарды орындау үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда белгіленген өндірістік көлемнің минус 20% деңгейінде күкірт қышқылының қажетті көлемдерімен қамтамасыз етті. Қамтамасыз етілген нысандар ішінде жаңа кен орындары мен алаңдар, жер қойнауын пайдалану құқығы бар кен орындарын қоспағанда, барлық кәсіпорындар бар», – деп мәлімдеді компания.

Сонымен бірге компания орта мерзімді перспективада күкірт қышқылының тапшылығы төмендеуі күтілетінін жеткізді. Себебі – отандық күкірт өндіретін кәсіпорындардың қуаты артады деп күтілуде. Сонымен бірге «Қазатомөнеркәсіп» күкірт қышқылының өзіндік өндірістік қуатын арттыруға ниетті.

«Қазатомөнеркәсіп» жоспары жөнінде

Айта кетейік, Қазақстан уранның үлкен қорларына ие, әлемдегі барлық барланған қорлардың шамамен 13%-ына иелік етеді. Қор көлемі бойынша мемлекетіміз екінші орында тұр. Компания мәліметінше, Қазақстанның жаһандық ядролық энергетиканы отынмен қамтамасыз етудегі әлемдік үлесі шамамен 40%-ды құрайды екен.

Қазіргі таңда компания China General Nuclear компаниялар тобымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан жобалық қуаты жылына 200 тонна уран металының баламасын құрайтын жылу бөлетін құрастырмалар (ЖБҚ) шығаратын зауыт салу мақсатында «Үлбі-ТВС» бірлескен кәсіпорнын құрған. Келісімге сәйкес Қытай тарапы «Үлбі-ТВС» зауытынан 20 жыл бойына 200 тонна уран металының баламасын сатып алып отырады.

Одан бөлек «Қазатомөнеркәсіп» әлемдік атом энергетикасының қажеттіліктері үшін Қазақстанда уран өндіру бойынша 5 елмен – Франция, Канада, Жапония, Қытай және Ресеймен 12 бірлескен кәсіпорын ашқан. Осы орайда компания нарықтың өзгермелі жағдайларына бейімделуге және әлемдік уран нарығында сенімді серіктес ретіндегі орнын сақтап қалуға тырысатынын мәлімдеді.

«Қазатомөнеркәсіп» өзінің әлемдік атом саласы ретіндегі рөлінің маңыздылығын түсінеді және өзінің көшбасшылық позициясын сақтап қалуға ниетті. Ұлттық оператор бола отырып, уранның жаңа кен орындарын геологиялық барлау және ресурстық базаны толықтыру әрқашан басым міндет болған. Әрі қарай да солай болмақ»,- делінген жауапта.

Сондай-ақ оқыңыз