Жаңалықтар

АҚШ Ресейдің байытылған уранына эмбарго салу бойынша жұмыстарды жаңартты – Bloomberg

Ресейден уран
Ресейден байытылған уран жеткізіліміне тыйым салатын заң жобасын АҚШ-тың Өкілдер палатасы мақұлдаған / Фото: kursiv.media

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресейден байытылған уран жеткізіліміне эмбарго салу бойынша жұмыстарды бастаған. Бұл жайлы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап, Bloomberg басылымы жазған.

Басылым хабарлауынша, Ресей уранының импортына тыйым салу мәселесін Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Энергетика министрлігі және басқа да ведомстволардың өкілдері талқылап жатыр. Алайда соңғы шешім әлі қабылданбаған. Шенеуніктер бұл тыйымның заң негізінде енгізілгенін қалайды. Ол үшін заң жобасын Сенат мақұлдауы керек.

Негізінде АҚШ-тың Өкілдер палатасы ресейлік уранды импорттауға тыйым салатын заң жобасын 2023 жылдың желтоқсанында мақұлдаған. Заң жобасы содан кейін Сенатқа өткен. Алайда процессуалдық шарттарға байланысты заң тез қарала қоймаған. Ал кейін Сенат қысқы демалысқа шығып кетіп, бұл мәселе тағы да ұзаққа созылып кеткен. Енді заңның қабылдануына мүдделі тұлғалар заң жобасының тезірек қабылданғанын қалап, бұл процесті тездетуге кіріскен.

Еске сала кетсек, сәуір айының 20-на қарай Джо Байден Америкада ядролық реакторларға арналған алғашқы 90 кг байытылған уран өндірілгенін хабарлады. Байден сонда өз әкімшілігінің уран импортына тәуелділікті азайту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өткен болатын. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ-та «жетілдірілген ядролық отын өндірісін» дамытуға 3,4 миллиард доллар инвестицияланады.

Ал АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, Ресей АҚШ-қа шамамен 1,2 миллиард долларға уран экспорттаған. Бұл 2009 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш саналады. Financial Times газетінің хабарлауынша, АҚШ Ресейден уран импорттауға 2024 жылы тыйым салуы мүмкін.

Осы орайда «Росатоммен» бірлескен алты кәсіпорны бар «Қазатомөнеркәсіптің» жұмысына бұл тыйым әсер етуі мүмкін бе деген орынды сұрақ туындайды. Оның үстіне көрші ел Түркістан облысындағы «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 49 пайыз акциясын сатып алған. «Санкция салынса, елдегі уран өндірісі әлсіреуі мүмкін бе» деген сауалымызды «Қазатомөнеркәсіпке» қойған болатынбыз. Компания АҚШ-тың 2028 жылға қарай күшіне енуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ санкциялардан «Қазатомөнеркәсіп» жұмысына еш кедергі келмейді деп сендірді.