«Қазақстан әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің бірі». Бағдат Мусин өз командасына алғыс айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Бағдат Мусин мемқызметті цифрландыру нәтижелі жүргізілгенін атап өтті/ kursiv.media

Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қызметінен босатты.

Бағдат Мусин мемлекет басшысына алғыс айтып, цифрлық даму саласында көптеген іс атқарылғанын атап өтті.

«Менің отставкаға кеткенім туралы соңғы жаңалықты естіген шығарсыздар. Бірінші кезекте еліміздегі маңызды саланың бірі – цифрландыру саласын басқаруды сеніп тапсырған және мүмкіндік берген Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. 3 жыл ішінде көп нәрсе жасалды және әлі де жасала бермек. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің бірі деп айтуға негіз көп. Бұл алдымен кәсіпқойлар жиналған үлкен команданың еңбегі, біз олармен бірге өсіп, қатар келген қиындықтарды да, үлкен жеңістерді де бірге бөлістік. Цифрлы сервистерді енгізу үдерістеріне және Цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дамуына қолдау көрсеткен, сенім білдірген және қатысқан әрқайсыңызға ризамын. Мен қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдеткен және ыңғайлы еткен жетістіктерімізді мақтан тұтамын, бұл әрине цифрлы мемлекеттік қызметтер. Сонымен қатар, біздің прогрессивті цифрлы өнімдеріміз халықаралық деңгейде атап өтілді және біздің елімізді әлемдік цифрлы көшбасшылар қатарынан көрінуге мүмкіндік берді», – деді Бағдат Мусин фейсбук әлеуметтік желісінде.

Министрлер кабинеті құрамында істегенде, Бағдат Мусиннің кей пікірі интернет кеңістігінде жиі талқыланды. Тіпті «Астана интернет жылдамдығы жөнінен Токионы басып озды» дегені үшін сынға ұшырады. Ұялы байланыс желісі сапасын жақсарту шараларының жеткілікті деңгейде жүргізілмегені де тұтынушылар наразалығын тудырды. Бұрынғы министр мобильді интернет бағасы әлем бойынша Қазақстанда ең арзан екенін жиі айтатын. Интернет гигабайтын үнемдеуге шақырғаны да езуге күлкі ұялатты.

Биыл жарияланған Speedtest жаһандық интернет индексі бойынша Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Түркіменстан мен Жапониядан артта қалды. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша ҚР 35,71 Мбит/с нәтижемен 71-орынға тұрақтады.

Дей тұрғанмен мемқызметті цифрландыру, IT-өнім, банктегі қызмет саласы бойынша біраз жобалар атқарылғанын атап өтуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз