Ермек Сағымбаев елімізде террористік және экстремистік әрекеттерге жол бермеу жұмыстарының күшейтілгені жөнінде айтты. Жыл басынан бері ҰҚК материалдары бойынша терроризм мен экстремизмге қатысы болғаны үшін 25 адам сотталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тағы 13 адам ұсталды.
ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 6 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды және 35 адамды тұтқындады. Заңсыз айналымнан 148 қару, қолдан жасалған 5 жарылғыш құрал, 32 граната және 4431 оқ-дәрі тәркіленді.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 16 операция жүргізілді. Есірткі тасымалдайтын 18 халықаралық және 9 өңірлік арна, сондай-ақ 10 есірткі зертханасы жойылды. 800 келіден астам есірткі және психотроптық заттар, 14 тонна химиялық реагенттер мен көкнәр шикізаты тәркіленді.
Мемлекетке 707 млрд теңгеден астам қаражатқа залал келтіруге жол берілмеді және бюджетке 1,2 млрд теңге қайтарылды.
Мемлекеттік шекараны бұзған 7 мыңнан астам адам ұсталды. Шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдауға қатысты 395 әрекеттің жолы кесілді. Сондай-ақ 3,2 млрд теңге көлеміндегі валютаны және құны 7,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылды.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жасалған 50,3 миллион кибер және 819 DDoS-шабуылға тойтарыс берілген.
Кездесу соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының қызмет бағыттарына қатысты бірқатар тапсырма берді.